КЕЛЕС АУДАНЫНДА ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНЫҢ БІРЛІГІ КҮНІ КЕҢ КӨЛЕМДЕ АТАЛЫП ӨТІЛДІ

КЕЛЕС АУДАНЫНДА ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНЫҢ БІРЛІГІ КҮНІ КЕҢ КӨЛЕМДЕ АТАЛЫП ӨТІЛДІ
Келес ауданында 1-Мамыр Қазақстан халқының бірлігі күніне орай “Татулығы жарасқан - тағдыры бір халықпыз” атты мерекелік іс-шара өтті. Мерекелік шара барысында қолөнер көрмесі ұйымдастырылып, концерттік бағдарламаға ұласты. Аудандағы түрлі этнос өкілдері мен жергілікті тұрғындар қатысқан шараға Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев келіп, көпшілікті мерекемен құттықтады.
– Баршаңызды татулық пен тұтастықтың мерекесі 1 мамыр – Қазақстан халқы бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын. Бір қауыздың дәніндей бір шаңырақ астында көктеген еліміздің іргесі әрқашан берік болсын. ХХ ғасырда мыңдаған халық тағдырдың айдауымен қазақ даласына табан тіреді. Алайда олар өзге жерде өздерін өгей сезінген жоқ. Жергілікті жұрт жатсынбай, жақын тартып, бауырына басты. Қазіргі таңда Келес ауданында орыс, түркімен, татар, өзбек, украин, түрік сынды ұлттар бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай күн кешуде. Олар болашағын Тәуелсіз елімізбен байланыстырып, біртұтас Қазақстанның бір бөлшегіміз деп сезінеді, – деген аудан басшысы елімізде әрқашан бейбітшілік пен келісім, достық пен сенім орнасын деген ізгі ниетін білдірді.
Мерекелік шара аудандық мәдениет үйінің дайындаған концерттік бағдарламасымен жалғасып, жас жеткіншектеріміздің орындауында түрлі ұлттардың өнерлер паш етілді. Сонымен қатар аудандық мәдениет үйінің ауласында азық-түлік тауарларының жәрмеңкесі ұйымдастырылып, арзан бағада саудаланды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі