ТҮРКІСТАН: КЕНТАУДА ҚАЗАҚ ДӘСТҮРІН ҰСТАНАТЫН КӨПҰЛТТЫ ОТБАСЫ ТҰРАДЫ

ТҮРКІСТАН: КЕНТАУДА ҚАЗАҚ ДӘСТҮРІН ҰСТАНАТЫН КӨПҰЛТТЫ ОТБАСЫ ТҰРАДЫ
Кентау қаласы, Хантағы ауылы ынтымағы жарасқан мекен ретінде ел аузында жиі айтылады. Түрлі ұлт пен ұлыс өкілдерінің ыстық мекеніне айналған өлкеде тілі басқа болса да, тілегі бір жанұялар татулықта ғұмыр кешуде. Солардың бірі - Касеньколар әулеті. Жанұяның отағасы Андрей Касенько украйн ұлтынан. Ал, жұбайы Светлана Касенько орыс ұлтының азаматшасы.
Тағдырлары Кентау қаласында тоғысқан қос ғашық осы қалада шаңырақ көтеріп, бүгінде бес баланың ата-анасы, екі немеренің ата-әжесі атанып отыр. Андрейдің анасы да алтын құрсақты ана болған. Отағасы №5 Жылу орталығында слесарь қызметін атқарса, Светлана тіс емханасының техникалық қызметшісі болып жұмыс істейді.
Бұл отбасының басты ерекешеліктерінің бірі - көпұлтты әулет болуында. Мұнымен қоса, Андрей үйінде достық пен бейбітшіліктің символы саналатын көгершіндер асырайды.
Қазақ тілінде еркін сөйлейтін жұбайлардың үлкен қызы тұрмыста болса, ұлы Алматы қаласында азаматтық борышын өтеуде. Қалған балалары ауыл мектебінің қабырғасында білім алуда. Баланың болашағына бей-жай қарамайтын ата-ана балаларын еңбексүйгіштікке баулып өсіруде. Үй жағдайында орыс ешкілерін бағып, сүтін өздері тұтынады.
— Қазақстанда бақытты ғұмыр кешіп жатқанымызға ризашылығымды білдіремін. Өзіміз тұрып жатқан ауылымыз өте ынтымақты ауыл. Ешкімді ұлтына, түсіне қарап алалау жоқ. Керісінше туыстай араласып өмір сүрудеміз, - деген әулеттің отанасы елдің тыныштығы мен мызғымастығын тілейді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі