Өрт маусымы басталғанда орман алқаптарын өрттен көздің қарашығындай сақтауға тура келеді. Орманда өрттің шығу себептері адамдардың қарапайым өрт қауіпсіздігі ережесін сақтамағаннан болады. Мәселен, орман өрттерінің болуының негізгі себептері мыналар:
– сөндірілмеген темекі тұқылы немесе сіріңке шырпысы;
– аңшылықтың салдары. Олар атқан оқтан бықсып шөптер жанып тұтанады;
– механизатор орманда өрт қауіпсіздігін сақтай бермейді. Тұтануға бейім майланған материалды тастап кетеді, техника қауіпсіздігін бұзады, көліктің жанында шылым шегеді және т.б.;
– орман алаңдарына жақын жерлердегі егістің орнын жағады;
– күннің сәулесі мол түсетін жерлерге шынының сынығын тастап кетеді. Ал ол жандырғыш линза тәрізді күн сәулесінен қуат алып құрғақ шөптерді тұтандырады.
Өрт қауіпсіздігінің ережелерін үйрететін үгіт-насихат жұмыстарын тек өрт сөндіру қызметкерлері ғана емес, олармен қатар қоғамдық мекемелер де жүргізуі тиіс. Орман шаруашылығының жұмысында өрт қауіпсіздігі – бірінші кезектегі мәселе. Орман өртінің алдын алуға бағытталған үгіт-насихат тәрбие жұмыстары мектептерде, сауықтыру орындарында, туристік базаларда және Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жиі айтып отыру керек.
Мамандардың айтуынша, орман өртін сөндіру оңай шаруа емес. Сондықтан оған жол бермеудің алғы шарттарын қатаң сақтау қажет. Орман өрті жедел өтеді және тез таралады. Қалың ағаш ішіндегі өрт – минутына 3-4 метр жылдамдықпен таралып үлкен өртке айналады. Оның ішіне кіру де, өрт сөндіру техникаларын енгізу де қиын шаруа.
–Құрметті облыс және қала тұрғындары, өрттің тілсіз жау екенін және өрт болған жерде көптеген шығындар келтіретіні бәрімізге де белгілі. Орман өрті орын алса оңайлықпен сөнбейді. Айналасындағы бірнеше метр жерге дейінгі өсімдік ағаштарын, аң-құстардың ұяларын жояды. Сонымен қатар бау-бақша егу мақсатында егістік жерлерді дайындау кезінде өрт қауіпсіздігі шараларына онша мән бермей, шөп-шалаңды бей-берекет жағудың арты орман өртіне айналып кетуі мүмкін. Сол себепті табиғат берген байлықты сақтап, орман қорын қорғап, өсімін молайтуға көпшілік болып атсалысуымыз керек, – деді «Жасыл аймақ» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ОӨСС басшысы Ғ. Мұстафаев.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі