ТҮРКІСТАН: ОРДАБАСЫ АУДАНЫНДА ТАҒЫ БІР АУЫЛ САПАЛЫ АУЫЗСУМЕН ҚАМТЫЛДЫ

ТҮРКІСТАН: ОРДАБАСЫ АУДАНЫНДА ТАҒЫ БІР АУЫЛ САПАЛЫ АУЫЗСУМЕН ҚАМТЫЛДЫ
Ордабасы ауданы, Шұбар ауыл округіне қарасты Аққойлы ауылына таза ауыз су берілді. Тұрғындардың қуанышын бөлісуге аудан әкімі Нұрбек Бадырақов арнайы барып, құттықтауын жеткізді.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдарды дамытуға көп көңіл бөліп отыр. Осы бағытта, арнайы тұжырымдама бекітілді. Бұл мақсатқа қазынадан қаржы қаралып, келесі жылдан бастап тиісті жұмыстар бастау алмақ. Яғни, ауыл халқының тұрмыс-тіршілігі жақсарып, ауданның әлеуетін арттыратын көптеген жобалар жүзеге асырылатын болады, - деді аудан басшысы.
Бүгінде ауданда 57 елдімекен бар болса, соның 48 елдімекені құбырлы ауыз сумен қамтылған. Осы жылы 6 ауылға ауызсу тартылып пайдалануға беру жоспарланса, соның бірі - Аққойлы ауылы болатын. Мұнда тиісті жұмыстар өткен жылы басталды. Мердігер мекеме 7 шақырымнан астам су құбырын тартты. Су мұнарасын салды. Нәтижесінде 400-ден астам ауыл тұрғынына таза ауызсу берілді.
Жалпы, 2023 жылы аудандағы қалған 9 елдімекенге ауызсу жеткізіліп, жоспарды толық орындау межесі тұр.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі