Сіздерді 1 қазан – Халықарлық қарттар күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Халқымызда «Қарты бар елдің – қазынасы бар» деген қанатты сөз бар. Үлкенге құрмет көрсету – ежелден қанға сіңген ізгі қасиет. Ақсақалдың ақ батасымен, ақ жаулықты әжелердің ақ тілегімен өсіп-өркендеген елімізде аға буынды қадірлеу – баршаға ортақ міндет. Түркістан өңірінің ел-жұрты мұны өте жақсы біледі.
Түркістан облысында қазіргі таңда 179 663 зейнет жасындағы қарт пен ардагер тұрады. Оның 20-сы Ұлы Отан соғысының ардагері болса, 4,8 мыңнан астамы – тыл еңбеккерлері. Бүгінгі таңда мемлекетпен кепілдендірілген төлемдер көлемі жыл сайын көтерілуде, облыстық және жергілікті бюджеттер қаржысы есебінен де түрлі әлеуметтік қолдаулар ұйымдастырылып келеді.
Бүгінде облыстың аудандары мен қалаларында 17 ардагерлер ұйымдары бар. Олар қызметтік ғимаратпен қамтамасыз етілген.
Егде жастағыларды сауықтыру мақсатында жыл сайын облыстық бюджет есебінен «Ардагерлер үйі» мен «Мейір» ардагерлер үйлерінде 8 мыңға жуық қария денсаулығын түзеуге мүмкіндік алып келеді. «Қамқорлық» акциясы шеңберінде 10 мыңға жуық ардагерге қолдау көрсетілді. Өңірде «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталықтарының саны 10-ға жетті. Жалғызілікті қарттарды әлеуметтік қолдау бағытында да жүйелі жұмыс атқарылып жатыр.
Қадірлі ардагерлер!
Сіздерді Қарттар күнімен құттықтай отырып, ұзақ өмір, зор денсаулық тілеймін. Өнегелі тірліктеріңізбен, бәтуалы ойларыңызбен қоғамды игі істерге жұмылдырып, ортамызда жүре беріңіздер! Жаңа даму сатысына көтерілген Түркістанды түлетуде сіздердің қосар үлестеріңіз мол. Ұрпақтарыңызбен бірге жаңа шыңдарды бағындыра берулеріңізге тілектеспіз.