Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев премьер-лига құрамындағы «Мақтаарал» футбол клубына жан-жақты қолдау көрсетуді тапсырды. Клубтың дайындық тобына қосымша 200-ден астам жасөспірім спортқа тартылатын болады. Мақтаарал ауданында екі спорт мектебі мен «Мақтаарал» футбол клубында спорттың 19 түрі дамытылып, 2000-ға жуық спортшы қамтылған.
Жаңа форматта өтіп жатқан Түркістан облысындағы аудан, қала әкімдерінің есептерінде облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев аудан басшыларын қабылдап, атқарған жұмыстарын саралауда. Аудандағы жалпы саны 56 мектепте 28 мыңнан астам бала оқиды. 1,5 мыңға жуық бала қосымша білім берумен қамтылса, 21 мыңнан астам бала мектепішілік үйірмелерге қамтылған.
Былтыр кезекте тұрған 76 отбасы баспаналы болған. Одан бөлек, аудан аумағында тұрғындардың бастамасымен «Мақтаарал Баспана» қайырымдылық қоры құрылып, 10 тұрғын үй мұқтаж азаматтарға сыйға берілді. «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында Мақтаарал ауданында 2021 жылы жалпы 723,3 млн. теңге қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары толығымен аяқталған. Жалпы аудан бойынша ұзындығы 40 мың шақырымға жуық 37 елді мекеннің ішкі көшелері жөнделген.
Биыл ауданда 6 млрд. теңгені құрайтын 9 әлеуметтік нысан салынады. Оның ішінде 5 мектеп пен спорт және мәдениет ошақтары бой көтереді. 60 мың гектардан астам алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жоспарлануда.
Кездесу қорытындысы бойынша облыс басшысы әкімге әлеуметтік мәселелер, медициналық қызмет сапасын арттыру және өзекті мәселелерді шешу жөнінде бірқатар нақты тапсырмалар берді. Инфрақұрылым сапасын жақсартудың, қоғамдық қауіпсіздікті күшейтудің, білім беруді дамытудың, сондай-ақ әлеуметтік желілер мен басқа да коммуникация арналары арқылы халықпен белсенді жұмыс істеудің ерекше маңыздылығын атап өтті.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі