БЮДЖЕТ ҚАРЖЫСЫН ТОЛЫҚ ИГЕРУ МАҢЫЗДЫ

БЮДЖЕТ ҚАРЖЫСЫН ТОЛЫҚ ИГЕРУ МАҢЫЗДЫ
Бюджет қаржысын толық және тиімді игеру қажет. Құрылыс пен жөндеу жұмыстары белгіленген мерзімде аяқталып, сапалы орындалуы тиіс. Осылай деген Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев аппарат отырысында облыс бюджетінің орындалуының қорытындысын және салықтық түсімдер мәселесін тыңдады. Қаражаттың тиімді игерілуінің маңыздылығын еске салып, бұл мәселені қатаң бақылауды талап етті. Аймақ басшысы әкімдерге бюджетті жоспарлаған кезде халықтың барлық қажеттіліктерін ескеруді және бұл мәселеге жауапкершілікпен қарауды жүктеді.
Жергілікті бюджетке түсімнің өсім көлемі артып, салық түсімдерінде өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда да өсім бар. Қазіргі таңда жергілікті бюджетке түскен түсім көлемі 112 млрд теңгені құрады. Жылдың қорытындысымен барлық аудан, қалалар бойынша кірістер жоспары 100%-ға орындалады деп күтілуде.
Отырыста Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков шаһарда бой көтерген тұрғын үйлерді қабылдап алу мен сатылуы барысын баяндады. Қаланы абаттандыру, көгалдандыру және инфрақұрылым, тұрғын үй массивтерін сарқынды су жүйесімен қамтамасыз ету бойынша атқарылған жұмыстарды ортаға салды.
Сонымен бірге, аппарат отырысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларының өсуінің алдын алу шаралары мен тұрақтандыру жұмыстары жайлы айтылды. Облыста әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі тауардың 16 түрі өндіріледі. Тұтыну нормасына сәйкес, бұл өнімдермен облыс халқы толық қамтамасыз етіледі. Атап айтқанда картоп, сәбізден 1,5 есе, пиязбен 3,1 есе, қырыққабатпен 4,2 есе және етпен 1,5 есе, сүтпен 7 есе. Ал, тек құс етімен 26,2%, жұмыртқамен қамтамасыз ету көлемі 41% құрайды.
Сонымен қатар, аудан, қала әкімдіктері тарапынан тұрғылықты халықты әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етіп, бағаны тұрақтандыру мақсатында кеш пісетін картоп (7,2 мың га) және көкөніс дақылдарын (пияз-2,0 мың га, сәбіз-1,5 мың га, қырыққабат-2,9 мың га) өсіруді қолға алу бойынша тапсырма берілді. Нәтижесінде картоп – 126,4 мың тн., қырыққабат – 65,1 мың тн., басты пияз – 53,4 мың тн. және асханалық сәбіз – 32,5 мың тн өнім жиналды. Жалпы, бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты бақыланып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын негізсіз өсірмеу бойынша тиісті шаралар қабылдануда.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі