ТҮРКІСТАН: СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ КҮРЕС МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

ТҮРКІСТАН: СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ КҮРЕС МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Түркістан облысы әкімдігінде Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 200-бабына сәйкес ұсынуларды қарау және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шаралары бойынша мәжіліс өтті. Оған Түркістан облыстық басқармаларының басшылары, аудан, қала әкімдері қатысты. Мәжіліске Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов төрағалық жасап, жүргізіп отырды.
Жиында алдымен Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Бауыржан Дәулетиярұлы баяндама жасады. Ол сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытындағы жұмыстарға тоқталып, мемлекеттік қызметкерлер, басшылар заңды сақтап, елге адал қызмет етулері керек екенін жеткізді. Сонымен бірге биыл сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлап, оны ашуға көмектескен 11 адам қаржылай көтермелеу жүргізілгенін мәлімдеді.
Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің Тергеу басқармасының аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Дархан Аманбай да осы салада атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Мәжіліске қатысушылар бірқатар мәселелер бойынша баяндамашыларға сұрақтар қойып, пікір алмасты.
Жиынды түйіндеген Сәкен Қалқаманов «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту – Мемлекет басшысы саясатының басты бағыттарының бірі. Биыл сыбайлас жемқорлыққа қарсы көптеген реформалар жарияланды. Сондықтан әрбіріңіз ұжымдарыңызда жемқорлықтың алдын-алу бойынша пәрменді шаралар қабылдауларыңыз қажет», дей келе сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте департаментпен бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі