ҚҰРМЕТТІ МАЙДАНГЕРЛЕР!

ҚҰРМЕТТІ МАЙДАНГЕРЛЕР!

Қадірменді түркістандықтар!

Сіздерді 9 мамыр – Жеңіс күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Біз екінші дүниежүзілік соғыстың тарихынан қазақ халқын бөліп ала алмаймыз. Себебі майданға елімізден 1,2 миллионннан астам азамат жорыққа аттанып, Ұлы Жеңіске айрықша үлес қосты. Олардың арасында Түркістан облысының да тұрғындары көп болды. Батырларымыз қан майданда ерлік жасап жүрген сәтте елде қалған отандастарымыз аянып қалмады. Жас баладан бастап, еңкейген кәріге дейін тылда еңбек етіп, майдангерлерді азық-түлікпен, қарумен, киіммен қамтамасыз етті.Тіпті, қыздарымыз да майданға аттанып, ардақты аналарымыз ауыр жұмыстарды атқарды.

Сондықтан кейінгі ұрпақтың амандығы мен жарқын болашағы үшін отқа түсіп, қайғы-қасіретті жеңе білген соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің жанкешті ерліктері ешқашан санамыздан өшпейді.

Бүгінде Түркістан облысында Ұлы Отан соғысы мен тыл ардагерлері және оларға теңестірілгендер саны – 12931. Оның ішінде соғысқа тікелей қатысқан 63ардагер бар.

Облысымыздыңбарлық аудан, қалаларында ардагерлерге құрмет көрсету көзделіп, кездесулер, іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр. Ең бастысы, жасөспірімдер мен жастарға батырларымыздың ерліктері дәріптелді.

Құрметтіқауым!

Даңқты батырымыз, көреген қолбасшы Бауыржан Момышұлы «Отан үшін отқа түс – күймейсің» деген қанатты сөз қалдырған. Осы нақылды негізге алып, Отанға қызмет ету, оны қорғау – баршамыздың міндетіміз.

Бүгінде Қазақстан тұрақты даму жолына түсіп, еңселі елге айналды. Түркістан облысында да ауқымды жұмыстар қолға алынып, ел әлеуеті көтеріліп келеді. Бұл күнге жеткеніміз үшін соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне де алғыс айтқан ләзім.

ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Біздің ардагерлерге деген құрметіміз олардың ерлігінен кем түспеуге тиіс» деп айтқан болатын. Аға буынның ерліктері ел жүрегінде мәңгі сақталады.

Ендеше, соғыс және тыл ардагерлерін, Түркістан облысының барша тұрғындарын 9 мамыр – Жеңіс күні мерекесімен құттықтаймын! Ардагерлеріміз аман, жастарымыз отаншыл болсын! Отбасыларыңызға амандық, жұмыстарыңызға табыс тілеймін.