ДӘРІГЕРЛЕР КӨПБАЛАЛЫ ОТБАСЫЛАРҒА КӨМЕК БЕРМЕК

ДӘРІГЕРЛЕР КӨПБАЛАЛЫ ОТБАСЫЛАРҒА КӨМЕК БЕРМЕК

Алматы қаласындағы А.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының білікті мамандары, уролог-трансплантолог Ернұр Белгібаев пен  Ельшад Набиев  Отырар ауданының тұрғындарына дәрігерлік кеңес беруде. Білікті мамандар екі күн бойы Отырар ауданының тұрғындарын қабылдап, көмек көрсетеді.

Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2020 – 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында А.Сызганов атындағы Ұлттық хирургия орталығының басқарма төрағасы профессор Болатбек Баймахановтың тікелей қолдауымен келген ақ қалатты абзал жандар 25-26 ақпан күндері тұрғындарды қабылдамақ.

Тәжірибелі мамандар несеп-тас ауруы, қуық асты безінің қатерсіз гиперплазиясы, қуық тас ауруы, бүйрек ісігі, қуық ісігі, бүйрек кистасы, бүйрек жетіспеушілігі секілді аурулар бойынша науқастарды медициналық тексеруден өткізеді.

Осылайша Отырар ауданында туып-өскен азаматтар жерлестеріне көмек қолын созып, қамқорлық көрсетуде. Ал, медициналық кеңес беруден түскен қаржыны осы аудандағы әлеуметтік аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға табыстауды ниет етіп отыр.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі