
Облыс аумағында негізгі 102 жетекші кәсіпорын бар болса, ет өңдеу саласында 33 кәсіпорын және құс еті өнімдерін өндіру саласында 2 кәсіпорын жұмыс атқарады. Олардың жалпы қуаттылығы – 46 мың тонна (ет – 33,3 мың, құс – 13 мың). Сүт өнімдерін қайта өңдеу саласында 35 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Жалпы қуаттылығы – 184,6 мың тонна. Көкөніс өңдеу саласында 12 кәсіпорын және жеміс өнімдерін өңдеу саласында 3 кәсіпорын жұмыс атқаруда. Жалпы қуаттылығы – 23,9 мың тонна (көкөніс – 22,4 мың, жеміс – 1,5 мың). Шырын өндіруші компаниялар да өткізу нарығын жолға қойған. Облыс аумағында нан өндіру саласында 9 кәсіпорын жұмыс істеуде. Жалпы қуаттылығы – 132 мың тонна. Түркістан облысында 1000-ға жуық мектеп, 1438 балабақша, 35 аурухана, 9 әлеуметтік мекемені азық-түлікпен қамту назарға алынған. Әлеуметтік салаға жауапты басқармалар тапсырысшы болып табылатын мемлекеттік сатып алу конкурстарына қаралған қаржыға талдау жүргізілді. 2026 жылға азық-түлік және тамақтандыруға жоспарланған қаржы көлемі – 35,2 млрд теңге. Азық-түлік және тамаққа қажетті тауарлардың 70%-дан астамы өңірде өндірген өнімдермен қамтылған. Қарақұмық және кейбір дақылдар ғана шетелден алынады. Мемлекеттік сатып алу басқармасының ақпаратына сәйкес 2026 жылға азық-түлік сатып алу бойынша 3 млрд теңгеге 37 конкурс өткізілген. Басқарма тарапынан конкурстық құжаттамаларға «Қажетті азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етуде отандық тауар өндірушілерге басымдық беру» жөнінде ұсыныс енгізілген.