
Инклюзивті оқу кабинеті ашылу салтанатына музей-қорық қызметкерлері, мектеп мұғалімдері мен оқушылар қатысты. Іс-шара барысында музей-қорық директорының міндетін атқарушы Нұрлан Дүкенбаев пен қалалық білім бөлімінің инклюзивті білім беру әдіскері Мөлдір Ақылбекова құттықтау сөз сөйлеп, жобаның маңыздылығына тоқталды. Құрметті қонақтар жаңа оқу кабинетінің лентасын қиып, білім мен шығармашылыққа арналған кеңістікті ресми түрде ашып берді.
Жобаның басты мақсаты – мектеп жасындағы мүмкіндігі шектеулі балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыра отырып, олардың қоғаммен байланысын нығайту, шығармашылық және танымдық қабілеттерін дамыту, өздерін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінуіне мүмкіндік жасау.
«Жаншуақ» жобасына қала мектептерінің 3–8 сынып оқушылары ата-анасының келісімімен қатыса алады. Сабақтар жоба жетекшісі мен музей-қорықтың арнайы мамандарының қатысуымен, алдын ала бекітілген тақырыптық жоспар негізінде жүйелі түрде өтеді. Айына бір рет 2 академиялық сағат көлемінде теориялық және практикалық сабақтар ұйымдастырылады.