
Түркістан қаласындағы «Достық үйі» ғимаратында Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің ауқымды отырысы өтті. Алқалы басқосуға облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, Ассамблея мүшелері, этномәдени бірлестіктердің басшылары мен қоғам белсенділері қатысты.
Жиын барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылы қабылдаған екі стратегиялық маңызы зор құжаты кеңінен талқыланды. Нақтырақ айтқанда, Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттары, Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлігіміз – әралуандықта» 2030 жылға дейінгі даму тұжырымдамасы жан-жақты дәріптелді. Жиынды облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев жүргізді.

Кеңес барысында этномәдени бірлестіктер мен Ассамблея құрылымдарының алдағы жұмысына қатысты нақты ұсыныстар айтылды. Олардың қатарында этносаралық қатынастарды тұрақты мониторингтеу, «Заң мен тәртіп», «Адал азамат», «Салауатты сана» қағидаттарын кеңінен насихаттау, жастар мен еріктілерді Ассамблея жобаларына тарту, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарында жасанды интеллект технологияларын қолдану және әлеуметтік желілердегі арандатушылық контенттің алдын алу мәселелері бар.