
Түркістан облысы әкімдігінің мәжіліс залында «Квазимемлекеттік секторда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және комплаенс-қызметтің тиімділігін арттыру» тақырыбында маңызды жиналыс өтті. Іс-шараны Түркістан облысы әкімдігі мен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті бірлесе ұйымдастырды. Жиналысқа аудан және қала әкімі аппаратының басшылары, басқарма басшысының орынбасарлары, квазимемлекеттік сектор ұйымдарының басшылары, комплаенс-офицерлер, мемлекеттік қызметшілер, сондай-ақ жауапты құрылым өкілдері қатысты.

Жиында алғаш болып Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының бас маманы Әбдірасіл Әбиев баяндама жасап, квазимемлекеттік сектордағы тәуекелдер мен алдын алу шаралары жөнінде жан-жақты ақпарат ұсынды. Ал аталған басқарманың бас маманы Эльнур Ырысбайұлы комплаенс-қызметтің рөлі, оны жетілдіру жолдары және практикалық тетіктер туралы баяндады.
Сондай-ақ жиналыста Түркістан облысы әкімі аппаратының Мемлекеттік-құқықтық бөлімінің басшысы Боранбай Есқараев сөз сөйлеп, құқықтық реттеу мен жауапкершілік мәселелеріне тоқталды. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департамент басшысының орынбасары Дархан Суртеков 2026 жылға жоспарланған жұмыстарды жүйелі түрде ұйымдастырып, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында нақты нәтижелерге қол жеткізу қажеттігін атап өтті.