
– Жетісайдағы ауыр өртке байланысты Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған үкіметтік комиссия жұмыс істеп жатыр. Комиссия төрағасы Қанат Алдабергенұлы тарапынан нақты міндеттер жүктелгенін білесіздер. Осы бағытта қарқынды жұмыс жүргізілуде. Жауапты басшыларға, аудан, қала әкімдеріне құзырлы органдармен бірлесіп, өрттің алдын алу, қауіпсіздікті күшейту бойынша жұмысты жандандыруды тапсырамын. Өңірдегі әлеуметтік нысандар, тұрғын үйлер, қонақүйлер мен хостелдер қайтадан тексеріліп, өртке және улы газға қатысты қауіпсіздігі нығайтылады. Бұл жазатайым оқиғалар тұрғын үйдегі қауіпсіздік талаптарын сақтамауынан болып жатыр. Сондықтан тұрғындар арасында жүйелі түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Облыс аумағындағы заңсыз салынған және салынып жатқан құрылыс нысандарын анықтау бойынша арнайы жұмысшы тобын құрып, тұрақты түрде рейдтік іс-шараларды ұйымдастыруды тапсырамын. Құрылысы жүргізіліп жатқан нысандардың тиісті құжаттарына және өрт қауіпсіздігі бойынша арнайы талдау жүргізіп, нәтижесімен нақты шаралар қабылдаңыздар. Облыс аумағында жаңадан құрылған газ инспекцияларының жұмысын жандандырып, барлық тұрғын үйлердің қауіпсіздігін 1 ай мерзім ішінде тексеруді тапсырамын. Тұрғын үйлерде, кәсіпкерлік, әлеуметтік нысандарда газбен уланудың, өрттің алдын алу және электр жабдықтарын қауіпсіз пайдалану мақсатында рейдтік іс-шаралары тұрақты түрде ұйымдастырылсын. Өрт қауіпсіздігінің алдын алу мақсатында барлық нысандарға өрт дабылқаққыштарын орнату, халық арасында түсіндіру жұмыстары күшейтілсін, – деген Нұралхан Көшеров департамент пен басқарма басшыларының осы мәселеге қатысты есептерін, ұсыныстарын тыңдап, тиісті міндеттер жүктеді.