
Мәжіліс барысында сұйытылған мұнай газы тапшылығының алдын алу бойынша Облыстық энергетика және тұрғын үй - коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Тоқтар Усубалиев баяндады. Оның мәлімдеуінше, 2025 жылдың IV тоқсанына ҚР Энергетика министрлігі тарапынан өңірге 32505 тонна көлемінде сұйытылған мұнай газы бөлінді. Атап айтқанда, қазан айына – 9 972 тонна, қараша айына – 11 880 тонна, желтоқсан айына – 12 600 тонна. Облыста сұйытылған мұнай газ таратумен 50 кәсіпкерлік субъектісі айналысады. Ал газ құю станцияларының саны – 314. Өңірде сұйытылған мұнай газының бағасы 1 литрі 102-107 теңгені құрайды. Осы жылдың 15 қазанынан бастап облыстың бірқатар ауданында газ тапшылығы байқалған. Атырау облысындағы газ өңдеу зауытының жоспарлы жөндеу жұмыстарына байланысты, барлық облыстарда газ тапшылығы орын алды. Салдарынан облыстың газ тұтыну көлемі тәулігіне 450-500 тоннаны құраса, облысқа зауыттан шығатын газ көлемі 250-300 тоннаға дейін төмендеген.