«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН»: АРЫС ҚАЛАСЫНДА АҒАШ ОТЫРҒЫЗУ АКЦИЯСЫ ӨТТІ

«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН»: АРЫС ҚАЛАСЫНДА АҒАШ ОТЫРҒЫЗУ АКЦИЯСЫ ӨТТІ
🍀Бүгін Арыс қаласында жалпықалалық ағаш отырғызу акциясы өтті. Экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған шараға қала әкімі Қайсар Маңқараев пен ардақты қариялар, белсенді жастар, мемлекеттік қызметкерлер, мешіт имамдары мен түрлі мекеме ұжымдары белсене қатысты.
🍀Алғашқы көшеттер қала орталығындағы Құрметті азаматтар аллеясында отырғызылды. Мұнда ардагерлер, этно-мәдени орталық өкілдері мен еріктілер бірлесе 50-ден астам қарағай көшетін отырғызса, дайындық жұмыстарын «Жасыл Арыс» КММ ұжымы ұйымдастырып, жер телімдерін әзірледі.
🍀Игі іс «Жеңіс» скверінде жалғасты. Мұнда да жұртшылық жұмыла еңбек етіп, 250 түп ағаш отырғызылды.
✅«Арыс әрқашан бірлігімен, жанашыр халқымен мықты. Бүгін соның тағы бір дәлелі болды. Ұрпақтар сабақтастығы деген – осы. Еккен талдарыңыз жайқалып, ел игілігіне айналсын!» – деді қала басшысы.
✅Одан кейін Арыс–Шардара автожолының бойында мекеме қызметкерлері, қоғамдық ұйымдар мен белсенді тұрғындардың қатысуымен 3 700 түп қарағаш көшеті отырғызылды. Айта кетейік, егілген ағаштардың барлығы – Арыстағы жергілікті тұқымбақта өсірілген, топырақ пен климат жағдайына толық бейімделген көшеттер.
✳️Жаппай ағаш отырғызу шарасы қала экологиясын жақсартуға ғана емес, халықты ұйымшылдыққа, туған жерді сүюге және ортақ іске жауапкершілікпен қарауға шақырған ерекше бастама болды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі