
Осы жылы су үнемдеу технологияларын 27 мың гектарға енгізу жоспарланып, нақты 59 мың гектар алқапқа енгізілді. Оның ішінде, 54,6 мың гектар – тамшылатып суғару, 4,4 мың гектар – жаңбырлатып суғару технологиялары. Осылайша, су үнемдеу технологиялары ендірілген алқаптардың жалпы көлемі 114 мың гектарды құрады. Су үнемдеу технологияларының тиімділігі нақты тәжірибеде дәлелденіп отыр. Мәселен былтыр мақта дақылы жаңа технологиямен 1,9 мың гектарға егілсе, биыл 52,2 мың гектарға егіліп, өнімділік 2 есе артты. Дәстүрлі егісте гектарына 5,2 мың м3 ағын супайдаланса, жаңа технологиямен 2,6 мың м3 пайдаланады. Одан бөлек осы жылы күріш дақылы пилоттық түрде тамшылатып суғару технологиясымен егіліп, жоғарғы өнімділік көрсетіп отыр. Алғашқы кезеңде дәстүрлі егіспен өнімділік 3,4 тоннаны құраса, жаңа технологиямен гектарына 4-5 тоннаны құрады. Топырақ құнарлығын арттыра отырып кейінгі жылдары гектарына 6-7 тонна өнім алуға мүмкіндік бар.