
– Киелі Түркістан қаласына қош келдіңіздер! Облыс аумағында бірқатар ірі жобалар «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ және оған еншілес қаржы институттары арқылы қаржыландырылуда. Бүгінгі кездесуде бірлесіп, іске асырылып жатқан жобалар бойынша өзекті мәселелерді талқылау мүмкіндігі туып отыр. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында халықтың тұрмыстық деңгейі мен әл-ауқатын көтеру, инфрақұрылымның қолжетімділігін жақсарту, ауыл шаруашылығын дамыту және инвестиция тарту бойынша нақты тапсырмалар берді. Облыс аумағында бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарылуда. «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-ның қолдауымен облыста бірқатар әлеуметтік мәселелер шешілуде. Атап айтқанда, тұрғын үй саласы бойынша Түркістан облысы құрылғалы бері облигация есебінен 147 кредиттік тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, тұрғын үйге мұқтаж 4 692 отбасы баспаналы болды. Кәсіпкерлік саласы бойынша еншілес «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы 261,7 млрд. теңге несие қаражатына 4,5 мыңнан астам жоба субсидияланды. Ауыл шаруашылығында жыл басына бері ұлттық холдинг арқылы бірнеше ірі жоба мақұлданған. Бүгінгі кездесуде көтерілген мәселелер шешімін тауып, өңірді дамыту жұмыстары жалғасады деп сенемін, – деді Нұралхан Көшеров.