
Форумның негізгі мақсаты – жастар арасында құқықтық мәдениетті нығайту, рухани құндылықтарды дәріптеу, ақпараттық қауіпсіздік мәселелерін талқылау және белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастыру. Шараға қалалық прокуратура, полиция басқармасы, құқық қорғау органдарының өкілдері, қала басшылығы мен жергілікті жастар қатысты. Кездесу барысында сала мамандары жастармен еркін форматта пікір алмасып, өз тәжірибелерімен бөлісті. ҚМДБ-ң өкілі Нұрлан Асанов жастарға рухани тәрбие мен адамгершілік құндылықтарды сақтаудың мәнін түсіндірсе, психолог Салтанат Сайлауқызы тұлғалық даму мен өзін-өзі тану, сондай-ақ құқықтық мәдениеттің адам мінез-құлқындағы рөлі жөнінде ой қозғады. Ал IT маман Ғасыр Қаралбайұлы ақпараттық қауіпсіздік пен кибермәдениет тақырыбында мазмұнды баяндама жасап, заманауи технологияларды қауіпсіз пайдалану бойынша кеңес берді.