«AMANAT» партиясының «Taza Qazaqstan» road-эстафетасы Түркістан облысында жалғасуда. Партияның «Жастар рухы» жастар қанатының жетекшісі Ақерке Искандерова бастаған қатысушылар бүгін қасиетті Ордабасыға келіп, Қарауылтөбеде жұртшылығымен кездесті.
Эстафетаға «AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев, аудан әкімі Азат Оралбаев, аудандық мәслихат төрағасы Бақдәулет Жұмабеков, ел ағалары, әлем чемпиондары Арман Оспанов пен Біржан Жақыпов және жергілікті тұрғындар қатысты.
Аудан әкімі Азат Оралбаев бірлік пен ынтымақтың ұрпаққа өнеге екенін, бүгінгі шараның айрықша маңызын атап өтті.
Ал, Алтынсары Үмбетәлиев жастарға: «Ордабасыда бабалар елдікті қорғау үшін тізе қосса, бүгінгі жастар – Жаңа Қазақстанды құратын күш» деп, «Таза Қазақстан» бастамасының мәнін түсіндірді.
Ақерке Искандерова экологияны қорғау – таза ой мен адал еңбекке негізделетінін жеткізді. Спортшылар да жастарды еңбекқорлық пен адалдыққа шақырды.
Эстафета аясында қатысушылар Қарауылтөбе мен «Бірлік» монументінде тазалық жүргізіп, вандализмге қарсы акция өткізді.
Шара соңында эстафета туы келесі ауданға табысталды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі