Қариясын құрметтеп, абызын ардақтай білген қасиетті Жетісай ауданында елдің берекесі саналатын ақсақалдарға құрмет көрсету дәстүрі жалғасуда. 1 қазан – Халықаралық қарттар күні мерекесіне орай аудан әкімі Серік Мамытов жасы 100-ден асқан қарттарды мерекелерімен құттықтап, сый-сияпат жасады.
Ең алдымен аудан басшысы 1925 жылы туылған аудандағы көзі тірі жалғыз Ұлы Отан соғысының ардагері Папков Петр Кузьмичтің үйінде болды.
1942 жылы әскерге алынған Петр Кузмич 73 гвардиялық армияға түсіп, 105 полк құрамында қызмет еткен. Киев, Бухарест, Венгрия қалаларын азат ету шайқастарына қатысқан, құрылыс батальонында жүргізуші, құрылысшы болған майдангер 1950 жылы әскерден оралған. Қанды қырғынның соңғы нүктесін қойып, елге келгеннен кейін тұралап қалған ауыл шаруашылығы саласында трактор тізгіндеп, зейнетке шыққанша адал еңбек еткен. Ұлы Отан соғысы мен Еңбек ардагері, «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған.
Сонан соң Серік Үсенұлы Жетісай қаласының тұрғыны 102 жастағы Ойнобот Хангушеваның да шаңырағында болып, қадірлі, қазыналы тәлімі кейінгі буынға әрқашан үлгі-өнеге саналатын әжейді айтулы мерекемен құттықтады.
Бүгінде ұрпағының шаттығы мен елінің берекесін тілеуден шаршамайтын әжей белі қатып, бұғанасы бекімей жатып тың игеруге қатысып, кейіннен екінші дүниежүзілік соғыста қан майдандағы жауынгерлерге қолынан келгенше көмек берген. Соғыстан кейінгі жылдары тұралап қалған ауылдарды қалпына келтіру ісіне атсалысқан. Қолына кетпен алып шабық шауып, масақ терген. Диірменде ұн өткізіп, мал да баққан. Адал еңбегінің арқасында елдің құрметіне бөленіп, кеңес дәуірінде өмір бойы белі талмай еңбек еткен қарияның өмір жолы көпке үлгі.
Айтулы күнді ескеріп, арнайы құттықтап барған аудан басшысына елге қадірлі, қазыналы тәлімі кейінгі буынға әрқашан үлгі-өнеге болып отырған қариялар алғысын білдіріп, баталарын берді. Алдағы атқарар істеріне сәттілік тілеп, елдегі саяси және экономикалық тұрақтылықтың бұзылмауын қалайтындықтарын жеткізді.
Айта кетсек, Жетісай ауданында тіркеуде тұратын 18 мыңға жуық зейнеткердің 1-і Ұлы Отан соғысының ардагері болса, 252-сі тыл ардагерлері, 5-і Ұлы Отан соғысының мүгедектігі бар ардагерлерінің жесірлері, 8-і 100 жастан асқан қариялар, 253-і еңбекке жарамсыз жалғызбасты қарттар мен мүгедектігі бар азаматтар.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі