
– Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына келетін болсақ, алдын-ала есеп бойынша 8 айда жалпы өңірлік өнім көлемі 3 трлн. теңгеге жетіп, қысқа мерзімді экономикалық өсім 115,8% деңгейінде қалыптасты. Негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің оң өсімі сақталды. Өнеркәсіп саласында 982,3 млрд. теңгеге өнім өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 13,1%-ға артты. Облыстың өнеркәсіптік әлеуетін дамыту мақсатында биыл өңдеу саласында 61 млрд. теңгеге 18 жобаны жүзеге асыру жоспарланса, 8 айда 3 ірі зауыт іске қосылды. Бұдан бөлек, Созақ ауданында жоба құны 74,7 млрд.теңгені құрайтын табиғи уранды өңдеу зауыты ашылды. Жалпы 100 га аумаққа Шағын өнеркәсіптік парк жобасы аясында 152 өндірістік ғимарат салу жоспарланған. Өткен жылы 11 ғимарат салынып, құны 36,5 млрд. теңгеге 11 жоба іске қосылды. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен, өңірімізде өңдеу өнеркәсібін дамыту үшін «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы» құрылды. Мұнда кәсіпорындар ашылып, 3000 жұмыс орны құрылады деп жоспарланған. Жыл басынан өңірге 783 млрд. теңге инвестиция тартылды. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1,3 есе жоғары, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары.