
– Шағын және орта бизнес – ел экономикасының негізгі драйвері. Түркістан – кәсіпкерлікке бейімделген, бизнес өкілдері көп шоғырланған өңір. Бүгінгі таңда 216 мыңға жуық шағын және орта бизнес қызмет етеді. Әкімдік бизнес климатты жақсарту бойынша да бірқатар жүйелі қолдауларды іске асыруда. Облысымызда соңғы бір жылдың ішінде 11 индустриалды аймақ құрылып, қазіргі таңда индустриалды аймақтардың саны 20-ға жетті. Сондай-ақ өнеркәсіптік алаңы 1214 гектардан тұратын «Тұран» арнайы экономикалық аймағы бар. Экономикалық аймақта жұмыс істеймін деген кәсіпкерлер табыс, кеден, жер және мүлік салықтарынан босатылады. Бұл аймақтардан бөлек, Өндірістік парк жобасы жүзеге асуда. Өндірістік парктің 1-кезеңі аяқталып, 30,7 млрд. теңгеге 10 жоба іске қосылған. Өндірістік парктің 2 және 3 кезеңдері (29 ғимарат) бойынша құрылысы аяқталып, 70 млрд. теңгеге инвестициялық жобаларды орналастыру жұмыстары жүргізілуде. Одан бөлек, Сауран ауданында 71 гектар жерде жеке кәсіпкерлердің есебінен кәсіпті жүргізуге арналған 148 өндірістік ғимарат құрылуда. Қазіргі таңда осы тәжірибе аясында барлық аудан және қала аумағында шағын өндірістік парктерді құру жұмыстары жүргізілуде, – деді облыс әкімінің орынбасары.