
Жиында Техникалық реттеу және метрология комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Асет Туребаев ахуалды штабтың бірінші отырысында берілген хаттамалық тапсырмалардың орындалуы және мемлекеттік бақылау қорытындылары туралы есеп берді. Оның мәлімдеуінше, мемлекеттік бақылау жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Департамент тарапынан «QazCem» бірлестігінің арызы бойынша Өзбекстанда шығарылған цемент өніміне берілген жалған «сұр» сәйкестік сертификаты мәселесі бойынша тиісті іс-шаралар атқарылды. Нақтырақ айтқанда, техникалық регламент талаптарына сәйкес келмейтін Өзбекстанда шығарылған «CONCH» маркалы цементіне қатысты Жетісай және Сарыағаш аудандарында жоспардан тыс тексерулер жүргізілді. Екі жағдайда өнімді жалған сәйкестік туралы сертификатымен сатылып жатқандығы анықталды. Нәтижесінде, 2 жеке кәсіпкерге жалпы сомасы 920088 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынып, бұзушылықтарды жою туралы нұсқамалар берілді және 3577 дана цемент өнімін айналымға шығаруға тыйым салу шараларын қолдану туралы қаулылар шығарылды. Жалған сәйкестік сертификаты бойынша тауарды жеткізушіге қатысты Шымкент полициясына өтініш жолданып, қазіргі таңда қылмыстық іс қаралуда.