
– Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы Жолдауында елімізді толыққанды цифрлық мемлекетке айналдыру бастамасын көтерді. Жолдаудағы міндеттерді орындауда Корея ғалымдарын бірлесе жұмыс істеуге шақырамыз. Бүгінде Түркістанда халықаралық деңгейдегі «Woosong University Kazakhstan» университеті ашылып, заманауи бағыттағы кадрлар даярлауға кірістік. Біз үрдісті жандандырып, IT, цифрлық технология, жасанды интеллект, жасыл экономика салаларында бірлескен жобалар жасауды көздеп отырмыз. Вусонг университетінің ғылыми, зияткерлік және технологиялық әлеуетін Түркістан облысының дамуына бағыттап, бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндігін қарастыруды ұсынамыз. Атап айтқанда, агроөнеркәсіп, кәсіпкерлік, білім беру және денсаулық сақтау салаларында жасанды интеллектке негізделген шешімдерді енгізу арқылы өңірлік деңгейде тиімді нәтижелерге қол жеткізгіміз келеді. Осы бағытта бірлесе ІТ платформа әзірлеуге шақырамыз. Аталған бағыттар бойынша жұмысты бастауға қолдау білдірсеңіз, біз бірлескен жобаларды әзірлеуге дайынбыз. Бүгін біз Түркістан төрінде Қазақстан мен Кореяның арасындағы достық пен сенімге негізделген стратегиялық әріптестіктің жаңа парағын ашып отырмыз. Мемлекеттерімізді тарихи сабақтастық, экономикалық байланыс, ең бастысы – болашаққа деген ортақ көзқарас біріктіреді, – деді Нұралхан Көшеров.