
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы тарапынан елді мекендерге толық мониторинг жұмыстары жүргізілді. Талдау көрсеткендей, су құбыры бар 756 елді мекеннің 548 елді мекені тәулік бойы ауыз сумен қамтылған. Бұдан бөлек, 192 елді мекенге ауыз су кестемен берілсе, 16 елді мекенде су жүйесі уақытша өшіріліп отырады. Оның ішінде, 192 елді мекеннің 83 елді мекеніне ауыз су тек жаз айларында кестемен берілсе, 109 елді мекенге жыл бойы кестемен берілуде. Сондай-ақ, ауыз су кестемен берілетін 192 елді мекеннің 170 елді мекенінде су көлемінің азаюы немесе тазалау қондырғыларының қуатының жеткіліксіздігі анықталды. Қалған 22 елді мекенде су жүйелерінің тозығы жеткен. Қазіргі таңда мәселені шешу үшін тиісті жұмыстар атқарылуда. Биыл 33 елді мекенді үздіксіз ауыз сумен қамту мақсатында бюджеттен 12,7 млрд.теңге бөлінген. 2026 жылы 101 елді мекенді, 2027-2028 жылдары 58 елді мекенді толық ауыз сумен қамту көзделуде.