
Облыста «Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілету жөніндегі 2025-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасындағы» жоспар 5 негізгі бағыттан және 55 іс-шарадан тұрады. Полиция департаменті, сондай-ақ жергілікті атқару органдарына іс-шараның 10 тармағы белгіленген. Тиісті жұмыстар нәтижесінде өңірде 520 полицияның қоғамдық көмекшілері жұмысқа (ақылы 382, ақысыз 119) тартылып, олардың көмегімен 47 қылмыстың ізін суытпай ашуға және 1917 әкімшілік құқықбұзушылық анықталған. Азаматтардың құқықтық санасы мен мәдениетін көтеру жөніндегі іс-шараларды іске асыру мақсатында қала, аудан, сондай-ақ шалғай ауылдарда үйме-үй аралау жұмыстары ұйымдастырылып, интернет-алаяқтық қылмысының алдын алуға бағытталған түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Азаматтарға тегін заңгерлік кеңес беру бойынша жыл басынан 3 рет жолда қабылдау акциясы өткізілді. Есірткіге қарсы профилактикалық жұмыстар атқарылып, іс-шараларға 76 мыңнан астам оқушы мен студент, ата-аналар және жергілікті тұрғындар қатысқан. Қоғамдық қауіпсіздікті сақтау, тұрғындардың құқықтарын қорғау бағытындағы жүйелі жұмыстар атқарылуда. Облыстағы білім беру ұйымдарының маңына жылдамдықты шектеуге арналған 514 дана жол белгісі, 276 жасанды жол кедергісі және жаяу жүргіншілер өткеліне 4 дана бағдаршам орнатылып, 2100 метр аяқжол мен 2 264 білім беру ұйымының алдындағы жаяу жүргіншілерге арналған жолақтары жаңартылған.