ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА $800 МЛН-ДЫҚ ИНВЕСТ ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСУЫ МҮМКІН

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА $800 МЛН-ДЫҚ ИНВЕСТ ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСУЫ МҮМКІН
✔️Түркістан облысы инвестициялық жобалар тартуда жаңа серпін алды. Қытайлық алпауыт компания өңірде тыңайтқыш өндіретін зауыт салуға ниетті. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров ҚХР-ң ауыл шаруашылығы және тыңайтқыш өндірісі бойынша ең ірі компанияларының бірінің өкілдерімен кездесті. Келіссөздер барысында инвестиция көлемі 800 миллион АҚШ долларынан асатын ірі өндіріс жобасы талқыланды. Логистика, инженерлік инфрақұрылым мәселелері пысықталды.
✔️Түркістан облысы – ауыл шаруашылығында жетекші орын алатын стратегиялық өңір. Бұл жоба жүзеге асқан жағдайда, Түркістан облысында жылына 2 миллион тоннаға дейін тыңайтқыш өндіретін зауыт салынуы мүмкін. Аталған кәсіпорын Қазақстандағы ғана емес, Орталық Азиядағы аса ірі агроөндірістік нысандардың бірі болмақ.
✔️Облыс басшысы Нұралхан Көшеров кездесуде шетелдік әріптестерге нақты басымдықтарды атап өтті. Жоба аясында өндірісте экологиялық қауіпсіз, энергия үнемдейтін, ең бастысы, су ресурстарын тиімді пайдаланатын технологиялар енгізудің маңыздылыңын айтты.
📌– Түркістан облысы – ауыл шаруашылығы үшін табиғи-климаттық, ресурстық және инфрақұрылымдық тұрғыда ең қолайлы өңір. Біздің өңір елдегі жалғыз мақта егетін аймақ қана емес, сонымен бірге жеміс-жидек, бақша дақылдары, мал шаруашылығы, суармалы егіншілік бағытында да айрықша әлеуетке ие. Біз Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, шетелдік инвесторлармен тығыз жұмыс жүргізіп жатырмыз. Су үнемдеу технологияларын енгізу, тыңайтқыш өндірісін дамыту – біздің аграрлық саясатымыздың басымдықтарының бірі. Жаңа жобаның жүзеге асуына жан-жақты қолдау көрсетіледі, - деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.
✔️Ауыл шаруашылығы өнімдерінің өнімділігін арттыруда тыңайтқыш қолдану шешуші рөл атқарады. Бұл зауыт іске қосылғанда шаруалар қолжетімді әрі сапалы тыңайтқышпен қамтылады, ішкі нарық қажеттілігі толық өтеліп, экспорттық әлеует қалыптасады, 2 000-нан астам тұрақты жұмыс орны ашылады. Қосалқы өндірістер, логистика, қойма, қызмет көрсету салалары да даму серпінін алады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі