
Соңғы жылдары Түркістан облысында медициналық инфрақұрылымды жаңғырту бойынша ауқымды жобалар қолға алынған. Атап айтқанда, Түркістан қаласында 570 төсек-орындық көпбейінді аурухананың құрылысы аяқталуға жақын. Бұл нысан іске қосылғанда 1200-ден астам медицина қызметкері жұмысқа тартылады. Біріккен Араб Әмірліктерінің Абу-Даби қорымен әріптестік аясында 80 төсек-орындық перзентхана салынуда. 60 орындық оңалту орталығының құрылысы аяқталып, жақын арада пайдалануға беріледі. Сарыағашта 300 орындық көпбейінді кешен, Ордабасыда 200 орындық перинаталдық орталық салу жобасы әзірленді. Ордабасы, Жетісай, Сарыағаш аудандарындағы орталық ауруханалар 4,1 млрд теңгеге жөнделді. Сайрам аудандық ауруханасында 3,1 млрд теңгеге күрделі жөндеу басталды. Енді ауданаралық ауруханалар МРТ, КТ, ангиограф сынды ауыр медициналық техникамен қамтылады.