
«Шардара» су қоймасында су көлемінің азаюына байланысты облыс әкімінің тапсырмасымен қаланы жедел ауыз сумен қамтамасыз етудің іс-қимыл алгоритмі бекітілген. Алгоритмге сәйкес ауыз су тәуекелдерін басқару бойынша штаб құрылды.
Көпқабатты тұрғын үйлер орналасқан «Абай», «Қызылжар», IV және «Асем-ай» ықшам аудандарына 28 дана (2-тонна) су жинау ыдысы орнатылып, су толтырылды. Бұл ыдыстарды тұрақты ауыз сумен толтыру үшін 10 арнайы су тасымалдайтын көлік жұмылдырылды. Су көзі ретінде «Өтеғұл» шағынауданының бас су торабындағы ұңғыма пайдаланылды. Жекеменшік 3 ұңғыма және су тасымалдайтын 15 көлік иелеріне су бағасын көтермеу түсіндіріліп, келісім түзілді. Құдығы бар үйлерге су тасымалдау жұмыстары жүргізілуде.

Су қоймада су деңгейінің шамадан тыс төмендеп, бас су торабының І көтеріліміндегі сорғыға қажетті су көлемі жетіспеушілігіне байланысты 630 текше метр су беруге арналған пантон үстіндегі насосты қосу шаралары қолға алынды. Оған өңір басшысы, аудан әкімі, жергілікті азаматтар бірлесе атсалысты.
Ауыз су мәселесіне қатысты жауаптылар бекітілген, жағдай тұрақты әрі бақылауда.