Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен тұрақты түрде ұйымдастырылып келе жатқан «Таза Қазақстан» жалпыхалықтық эко-акциясы аясында Жетісай ауданында ауқымды сенбілік өтті.
2500-ге жуық адам мен 20 техника жұмылдырылған тазалық жұмыстары барысында қала, кент, барлық ауылдық округтердегі саябақтар мен гүлзарлардың, тарихи ескерткіштердің аумағы шөптерден, қураған ағаштардан тазартылып, көшелер мен арық-атыздардан 30 тоннға жуық тұрмыстық қатты қалдықтар шығарылды.
– Қоршаған ортаны таза ұстау – әр азаматтың парызы. Осы орайда, ауданның барлық тұрғындарын тазалықты сақтауға және табиғатты қорғауға өз үлестерін қосуға шақырамыз. Сенбіліктерді тек белгіленген күндері ғана ұйымдастырып қоймай, табиғаттың тазалығын сақтауға әрбір тұрғынды күнделікті өз ауласын, үйіргелік жерлерін тазалауы арқылы дағдыландыруымыз керек, – дейді аудан басшысы.
Биылғы жылдың басынан бері ауданға қарасты қала, кент және барлық ауылдық округтерде «Тазалықты өзімізден бастайық!» атты үндеу жарияланып, мемлекеттік және квазимемлекеттік мекеме қызметкерлерінен, тұрғындар мен кәсіпкерлерден, қоғамдық ұйымдар мен жергілікті мәслихат депутаттарынан 70 мыңға тарта адам қатысқан 50-ге жуық сенбілік өткізілген. 200 техника жұмылдырылып, 500 тонна қоқыс шығарылған.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі