GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Әкім аппараты
Баспасөз орталығы
Қызметі
Құжаттар
Байланыс ақпараты
Онлайн қабылдау
Үкіметтік емес ұйымдарға арналған әлеуметтік жобалар
Все материалы
27 октября 2026
ПРЕЗИДЕНТ ТАПСЫРМАСЫ: ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА РЕСПУБЛИКА КҮНІ ҚАРСАҢЫНДА 60 МЛРД ТЕҢГЕНІҢ ЖОБАЛАРЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірлерде инфрақұрылымды жақсарту, өндіріс орындарын ашу жөнінде тапсырма берген болатын. Осы бағытта Түркістан облысында ауқымды жұмыс атқарылып келеді.
Республика күніне орай Түркістан облысында әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға және өңірдің өндірістік әлеуетін арттыруға бағытталған бірқатар нысан ашылып, пайдалануға берілді. Жобалар тұрғын үй, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы салаларын қамтиды.
Ұлттық мереке қарсаңында облыста жалпы құны 60 млрд теңгеге жуық нысандарды іске қосу жоспарланған. Оның ішінде 22,3 млрд теңгеден астамы бюджеттік инвестициялар есебінен, 35,6 млрд теңгеден астамы жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылды. Жобалар аясында барлығы 648 адамды жұмыспен қамту көзделген. Олардың бірқатарына облыс әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысып, тұрғындарды құттықтады.
Әлеуметтік инфрақұрылымға басымдық берілген. Түркістан қаласында кезекте тұрған азаматтарға арналған 7 қабатты 14 тұрғын үйдің пәтерлері табысталды. Сарыағаш ауданында дәрігерлік амбулаториялар мен фельдшерлік-акушерлік пункт, бірнеше ауданда мәдениет үйлері, кітапханалар және спорт кешендері ашылды. Сонымен қатар Сарыағаш қаласындағы орталық стадион қайта жаңғыртудан өтіп, пайдалануға берілді. Ауылдық елді мекендерде табиғи газбен қамту жұмыстары жүргізілді.
Жеке инвестициялар есебінен жаңа өндіріс орындары іске қосылуда. Ордабасы ауданында ірі қара мал сүйегінен май және желатин компоненттерін өндіретін кәсіпорын мен алюминий композиттік панельдер зауыты ашылды. Мақтаарал ауданында мақта майын өңдеу, Жетісай және Отырар аудандарында мақта өңдеу кәсіпорындары іске қосылды. Сайрам ауданында бидай өнімдерін өңдейтін диірмен мен азық-түлік қоймасы пайдалануға берілді. Кентау қаласында өнеркәсіпке арналған технологиялық тораптар өндіретін зауыт ашылды.
Бұл жобалар өңірде шикізатты терең өңдеуге, жергілікті өндіріс көлемін арттыруға және жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Мәселен, жеке инвестициялық жобалар аясында 477 адамды, бюджеттік инвестициялар есебінен жүзеге асырылатын жобалар аясында 171 адамды жұмыспен қамту жоспарланып, межеге қол жетті.
Жалпы, Республика күні қарсаңында пайдалануға берілген нысандар Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға, кәсіпкерлікті қолдауға және инвестициялық тартымдылықты арттыруға бағытталған. Жыл соңына дейін тағы да әлеуметтік нысандар мен өндіріс орындарын ашу жоспарланып отыр.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
27 октября 2026
Мектептерде күзгі демалыс басталды
Күзгі демалыс 2026 жылғы 26 қазаннан 1 қарашаға дейін қоса есептегенде жеті күнге созылады. Оқу 2026 жылғы 2 қарашада жалғасады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен елімізде балалардың қосымша білім алу мүмкіндіктері кеңейіп келеді.
Қазақстанда 2,9 мыңға жуық қосымша білім беру ұйымы жұмыс істейді. Өнер және музыка мектептері, оқушылар сарайлары, спорт мектептері мен шығармашылық орталықтар балаларға қызығушылығына сай қабілетін дамытуға мүмкіндік береді.
Күзгі демалыс кезінде балалар отбасымен уақыт өткізіп, кітап оқып, спортпен және шығармашылықпен айналыса алады. Мектептер балалардың бос уақытын мазмұнды өткізуге арналған шаралар ұсына алады. Оларға қатысу ерікті. Балалардың қызығушылығы мен отбасының жоспары ескерілуі тиіс.
Мұндай шараларды ұйымдастыру педагогтерге қосымша әкімшілік жүктеме түсірмеуі және есептілікті көбейтпеуі тиіс.
Шаралар ұйымдастырылған жағдайда оларды өткізуге және балалардың қауіпсіздігіне жауапты тұлғалар алдын ала белгіленеді. Балалардың қатысуы ата-аналармен келісіледі. Мектептен тыс шараларда жауапты ересектердің бірге жүруі қамтамасыз етілуі қажет.
Құрметті ата-аналар! Балаларыңызға үйде, көшеде және интернетте қауіпсіздік ережелерін сақтаудың маңызын түсіндіріп, сақ болуды ескертіңіздер.
27 октября 2026
ПРЕЗИДЕНТ ТАПСЫРМАСЫ: ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ КЕНТАУ ҚАЛАСЫНДА ЖАҢА ЗАУЫТ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
Түркістан облысы, Кентау қаласының индустриялық аймағында жаңа зауыт жұмысын бастады. Өндіріс орнының ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, көпшілікті құттықтады.
– Республика күні – еліміздің егемендігін айшықтап, тәуелсіздігімізді нығайтатын маңызды мереке. Осы мерейлі мереке қарсаңында өнеркәсіптік металл құрылымдары мен металл бұйымдарын өндіретін жаңа кәсіпорынның ашылуына куә болып отырмыз. Бұл – Түркістан облысының өнеркәсіптік әлеуетін арттырып, өңір экономикасына тың серпін беретін маңызды жоба. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев аймақтарда отандық өндірісті өркендетуге, инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға және тұрақты жұмыс орындарын құруға айрықша мән беріп келеді. Осы бағыттағы жұмыстар өңірімізде жүйелі түрде жалғасады, – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.
«АйдарСтройГрупп» ЖШС-нің зауытына 1,5 млрд теңге инвестиция тартылған. Мұнда 30 жаңа жұмыс орны құрылды. Кәсіпорын өнеркәсіпке арналған металл құрылымдары мен металл бұйымдарын өндіруге маманданған. Өндіріс орны жылына 100 дана өнім шығаруға қауқарлы. Жобаны жүзеге асыру үшін Кентау қаласының индустриялық аймағынан «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 1,5 гектар жер учаскесі берілген. Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталып, негізгі технологиялық жабдықтар орнатылған.
Кәсіпорынды қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бағытында да жұмыстар жүргізілген. Өндіріс орнына электр желісі тартылып, трансформатор орнатылған. Сонымен қатар табиғи газға қосылуға қажетті жұмыстар атқарылған.
Салтанатты рәсімде облыс әкімі кәсіпорынның жұмысымен танысып, өндірістік үдерісті көрді. Жаңа зауыттың іске қосылуы Кентау қаласының өнеркәсіптік әлеуетін нығайтып, өңірде отандық өндірісті дамытуға және халықты тұрақты жұмыспен қамтуға үлес қосады.
Облыс әкімі жұмыс сапарында Кентаудағы индустриалды аймақты аралап, жауаптыларға өндіріс орындарын ашу жұмысын күшейтуді тапсырды. Өңірде өндіріс орындарын ашу жұмысы жалғасады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
27 октября 2026
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА КӨК ТУ КӨККЕ КӨТЕРІЛІП, КӨК БАЙРАҚҚА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ
Түркістан қаласында Республика күніне арналған Мемлекеттік Ту көтеру рәсімі өтті. Салтанатты іс-шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, жастар, зиялы қауым өкілдері мен қала тұрғындары қатысты.
Мерекелік рәсім Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын орындаумен басталды. Көк байрағымыз көкке көтеріліп, елдіктің еңселі нышанына деген құрмет көрсетілді.
Салтанатты жиында облыс әкімі көпшілікті мерейлі мерекемен құттықтап, бұл күннің маңызына тоқталды.
– Баршаңызды Республика күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданды. Құнды құжатта Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негіздері, ел аумағының тұтастығы жарияланып, бұл егемендікке жол ашқан маңызды қадам болды. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Дәл сол күні ұлт жылнамасының жаңа кезеңі басталды. Тарихи әділдік орнап, қасиетті қазақ жеріне Тәуелсіздіктің алтын қазығы қағылды» деген болатын. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік алған 35 жыл ішінде әлемдік аренадағы өз орнын айқындады. Бүгінде көк байрақ астында бірлігімізді бекемдеп,қарқынды дамушы мемлекет ретінде алға қадам басып келеміз. Жыл сайын Республика күні елімізде Ту көтеру рәсімі өтеді. Бұл – отаншылдықты дәріптейтін маңызды қадам. Мемлекеттік Ту – азаттықтың, бірлік пен биік мақсатымыздың символы. Бүгін біз қасиетті Түркістан төрінде көк байрағымызды көтердік. Бұл Тудың астында – халқымыздың тағдыры, бабаларымыздың қасиетті қаны бар. Көк байрақ желбіреген сайын мәртебеміз де биіктей түседі. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, Көк туымыз мәңгі биікте желбірей берсін! – деді Нұралхан Оралбайұлы.
Іс-шара барысында патриоттық әндер шырқалып, мерекенің мазмұны мен маңызын айшықтай түсті. Жиынға қатысушылар тәуелсіздіктің қадірін ұғыну, ұлттық құндылықтарды қастерлеу және ел бірлігін нығайтудың маңызын атап өтті.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
27 октября 2026
ТҮРКІСТАНДА 26 ЕЛДЕН 3 МЫҢНАН АСТАМ ЖҮЙРІК ҚАТЫСҚАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ МАРАФОН ӨТТІ
Республика күніне орай Түркістан қаласында бесінші рет Turkistan Marathon халықаралық жүгіру жарысы өтті. Әлемнің 26 елінен 3 мыңнан астам қатысушы жиналды. Ауқымды спорттық шараны «Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қоры облыс әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырып отыр.
Марафонның ашылу салтанатына Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі. Облыс әкімінің орынбасары халықаралық жарыстың бұқаралық спортты дамытуға, қаланың туристік әлеуетін арттыруға және жергілікті экономиканың дамуына серпін беретінін атап өтті.
– «Turkistan Marathon-2026» марафонының қасиетті Түркістан қаласында өтуінің маңызы ерекше. Биыл бесінші рет ұйымдастырылып отырған марафон – спорт мерекесі ғана емес, достық пен бірлікті нығайтып, табандылыққа жігерлендіретін, ортақ мақсат жолында адамдарды біріктіретін маңызды іс-шара. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев елімізде дене шынықтыру мен спортты дамытуға, сондай-ақ дені сау, күшті әрі физикалық тұрғыдан дамыған жас ұрпақты тәрбиелеуге ерекше көңіл бөліп келеді. Бұл бағытта Түркістан облысында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Түркістан – тарихы терең, рухы биік, түркі дүниесіне ортақ қасиетті шаһар. Біз көне қаламызды руханият пен мәдениеттің ғана емес, халықаралық спорт пен белсенді өмір салтының да орталығына айналдыруды көздейміз. Бүгінгі марафон осы мақсатқа бастайтын жарқын қадамдардың бірі. Әрқайсыңыздың Түркістаннан ерекше әсер алып, жүректеріңізге қуат, көңілдеріңізге шаттық ұялататынына сенімдімін. Баршаңызға сәттілік, мықты денсаулық, сарқылмас жігер тілеймін! Түркістан марафоны – 2026 баршаңызға жеңіс пен шабыт сыйласын! – деді Ертай Кенжебекұлы.
Марафонның сөресі мен мәресі Karavan Saray кешенінің маңында орналасқан. Қатысушылар Бекзат Саттарханов даңғылы бойымен әуежай бағытына қарай жүгіріп, белгіленген маршрут бойынша кері қайтады.
Жарыс бағдарламасына бес қашықтық енгізілген. Атап айтқанда, 42,2 шақырымдық марафон, 21,1 шақырымдық жартылай марафон, 10 шақырымдық жүгіру, 10 шақырымдық скандинавиялық жүріс және 10–14 жас аралығындағы балаларға арналған 3 шақырымдық жарыс ұйымдастырылды.
Turkistan Marathon жыл сайын еліміздің түрлі өңірлерінен және шетелдерден келген спортшыларды біріктіріп, халықаралық деңгейдегі спорттық дәстүрді қалыптастырып келеді. 2025 жылы жарысқа 3 мың жүгіруші қатысқан. Олардың 1 968-і Қазақстанның басқа өңірлерінен, 368-і шетелден келген.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, марафонның туристік және экономикалық әлеуеті де жоғары. Жүгірушілермен бірге қалаға олардың туыстары мен достары келеді. Зерттеу нәтижесіне сәйкес, әр қатысушыға орта есеппен 1,6 еріп жүрушіден келеді. 2025 жылы олардың жалпы саны шамамен 4 мың адамға жеткен.
Марафонға қатысушылар спорттық жарыспен қатар Түркістанның тарихи-мәдени мұрасымен танысуға мүмкіндік алады. Қаладағы басты туристік нысандардың бірі – ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілген Қожа Ахмет Ясауи кесенесі. Осылайша, Turkistan Marathon спорт пен туризмді ұштастырып, өңірдің туристік тартымдылығын арттыруға ықпал етеді.
Айта кетейік, Turkistan Marathon Халықаралық марафондар мен жүгіру жарыстары қауымдастығының (AIMS) күнтізбесіне енгізілген. Жарыс трассасы World Athletics стандарттарына сәйкес сертификатталған. Сонымен қатар марафон Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Әзірбайжан елдерінің жарыстарын біріктіретін TAN (Turkic Alliance of Long Runs) халықаралық сериясының құрамына кіреді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
27 октября 2026
Ардақты ағайын! Құрметті Түркістан облысының тұрғындары!
Сіздерді халқымыздың азаттық рухын асқақтатып, елдігіміздің тұғырын бекемдейтін ұлық мереке – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Республика күні – еліміздің егемендік жолындағы тарихи таңдауын айшықтайтын, мемлекеттігіміздің мәнін терең сезіндіретін айрықша мереке.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Егемен ел болу оңай емес, бірақ елдікті сақтап қалу одан да қиын» деген болатын. Тәуелсіздік – тек тарихи жетістік емес, ол - ұрпаққа аманат етілген ұлы жауапкершілік. Оны сақтау мен нығайту – ортақ парызымыз.
Құрметті жерлестер!
Мемлекет басшысы мен Ел Үкіметінің қолдауымен өңіріміз дамудың даңғыл жолына түсті. Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру туралы қабылданған заң өңір экономикасының дамуына тың серпін берді.
Облысымыз жыл басынан бері әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші бойынша республикада көш бастап келеді.
Бүгінде тарихы терең, рухани мұрасы бай өлкемізде заманауи инфрақұрылым қалыптасып, елді мекендердің келбеті жаңарып, әлеуметтік-экономикалық әлеуетімізді арттыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Ауылдарымыздың ажары кіріп, қалаларымыз көркейіп, кәсіпкерлікке серпін беретін жаңа мүмкіндіктерге жол ашылуда. Білім мен денсаулық сақтау салаларын дамыту, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту, жастарға қолайлы жағдай жасау – өңіріміздің алдағы өркендеуінің маңызды бағыттары.
Түркістан облысының дамуы жолда өңіріміздің өсіп-өркендеуіне үлес қосып жүрген еңбек адамдарының, кәсіпкерлердің, ұстаздар мен дәрігерлердің, жастар мен аға буын өкілдерінің еңбегі ерекше құрметке лайық.
Осы мерейлі күні әр шаңыраққа амандық, молшылық пен шаттық тілеймін. Түркістан облысы өркендеп, әрбір игі бастама халықтың игілігіне қызмет етсін. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, егемендігіміз еңселі, болашағымыз жарқын болсын!
Республика күні құтты болсын!
Құрметпен
Н. КӨШЕРОВ
Түркістан облысының әкімі
27 октября 2026
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Республика күнімен құттықтауы
Қымбатты отандастар!
Баршаңызды ұлттық мерекеміз – Республика күнімен құттықтаймын!
Бұл – мыңжылдықтардан тамыр тартатын қазақ мемлекеттілігінің қайта жаңғыруын айшықтайтын қастерлі мереке.
Біз егемендік жылдарында талай сын-қатерді еңсеріп, биік белестерді бағындырдық. Осылайша, еліміздің іргесін бекемдеп, елдігіміздің тұғырын нығайта түстік.
Қазақстан Тәуелсіздіктің 35 жылдық межесіне экономикасы қуатты, қоғамы жасампаз, күллі әлем қауымдастығы құрметпен қарайтын, беделі зор әрі ықпалды орта держава, өркениетті мемлекет ретінде жетіп отыр.
Биыл біз ұлт жылнамасының жаңа парағын ашып, тарихи өрлеу дәуіріне бетбұрыс жасадық.
Алдымызда тұрған мақсат – баршаға айқын. Біз мықты мемлекеттік институттары мен сапалы адам капиталы бар, жаһандық бәсекеге қабілетті, озық, дамыған, жасампаз, зайырлы ел болуымыз керек.
Осы орайда, Конституциямыздың заңды күшіне енуі халықаралық қоғамдастықтың назарын аударған, тарихи мән-мағынасы аса ерекше оқиға болды.
Конституция мемлекеттік басқару жүйесінің толығымен жаңаруына, еліміздің саяси, экономикалық, мәдени және әлеуметтік салаларында түбегейлі өзгерістер жасауға үлкен серпін берді.
Біз Конституцияда айқындалған құндылықтарға сүйене отырып, стратегиялық бағдарымыздан айнымай, міндетті түрде алға қадам басамыз, алдымызға қойған барлық міндеттерді жүзеге асырамыз.
Қазір біз озық технологиялар мен инновацияларды жүйелі дамытып, жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін ел игілігіне жарата бастадық.
Заманауи өндіріс орындарын ашып, инфрақұрылымды жаңғыртып, мектептер, ауруханалар және басқа да әлеуметтік нысандарды салып жатырмыз. Халқымыздың игілігі үшін көптеген жобаны іске асыру жоспарымызда бар.
Ең бастысы, біз алысқа көз тігетін ұлт ретінде жасампаз мақсаттар мен ұлы мұраттар жолында ұйысып, жарқын болашаққа зор сеніммен ұмтыламыз.
Бүгінде білімпаздық, адал еңбек, жоғары жауапкершілік және шынайы отаншылдық қасиеттері халқымыздың болмысына сіңіп, өмірлік дағдысына айналуда.
Біз Заң мен Тәртіп, Тазалық пен Қоршаған ортаға қамқорлық, Бірлік пен Келісім құндылықтарын кең ауқымда дәріптеп, қоғамда жаңа этика қалыптастыру ісін қолға алдық.
Осылайша, егемендігіміздің тұғырын күшейтіп, Әділетті, Қауіпсіз, Озық әрі Таза Қазақстанды құрып жатырмыз.
Еліміздің шаңырағы биік, ұлтымыздың рухы асқақ болсын!
Көк байрағымыз әрдайым биікте желбіресін!
Республика күні құтты болсын!
27 октября 2026
АЗИЯ ПАРА ОЙЫНДАРЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ ТҮРКІСТАНҒА ОРАЛДЫ
Жапонияның Айчи префектурасы мен Нагоя қаласында өткен V Азия Пара ойындарында ел намысын абыроймен қорғаған Түркістан облысының спортшылары туған жерге оралды. Байрақты бәсекеде жоғары нәтиже көрсеткен жерлестерімізді Түркістан халықаралық әуежайынан салтанатты түрде қарсы алды.
Азия құрлығындағы дүбірлі додада түркістандық параспортшылар үш медаль жеңіп алып, Қазақстан қоржынына қомақты үлес қосты.
Атап айтқанда, пара дзюдодан J2 санаты бойынша 81 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бақ сынаған Бексұлтан Құлмырза қарсыластарынан басым түсіп, Азия Пара ойындарының чемпионы атанды. Ал 70 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Ақтолқын Сейілбекова да қарсылас шақ келтірмей, алтын медаль иеленді. Сондай-ақ +95 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Бағланбек Оңалбек қола жүлдеге қол жеткізді.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді әуежайдан Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, спорт саласының өкілдері, спортшылардың жақындары мен жанкүйерлері салтанатты түрде қарсы алды. Жерлестерімізге құрмет көрсетіліп, ел абыройын асқақтатқан жеңістері үшін алғыс білдірілді.
Өз кезегінде спортшылар ыстық ықылас танытып, қарсы алған қауымға ризашылықтарын жеткізді. Сондай-ақ алдағы жарыстарда бұдан да жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, Қазақстанның көк байрағын биікте желбірету жолында аянбай еңбек ететіндерін атап өтті.
Айта кетейік, V Азия Пара ойындары 18–24 қазан аралығында өтті. Аталған жарыста Қазақстан ұлттық құрамасы сапындағы 150 параспортшы спорттың 12 түрінен бақ сынап, жалпы саны 50 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 12 алтын, 16 күміс және 22 қола медаль бар.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
27 октября 2026
ТҮРКІСТАН: АРЫСТАҒЫ БАЙЫРҚҰМ АУЫЛЫНДА СПОРТ ҒИМАРАТЫ АШЫЛДЫ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев спортты дамытуға, заманауи инфрақұрылым қалыптастыруға және жастарға қолайлы жағдай жасауға ерекше мән беріп келеді.
Осы бағытта Түркістан облысында жүйелі жұмыстар іске асырылуда. Бүгін Республика күніне орай Арыс қаласына қарасты Байырқұм ауылында тұңғыш заманауи Спорт зал комплексі ашылды. Ауылдастардың қуанышымен бөлісуге Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараев, зиялы қауым өкілдері, ауыл ақсақалдары мен жастары қатысты.
Ертай Кенжебекұлы байырқұмдық ағайынды жаңа спорттық нысанның ашылуымен құттықтады.
– Баршаңызды халқымыздың ең қастерлі мерекелерінің бірі – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймыз! Осындай айтулы мереке қарсаңында Байырқұм ауылында тағы бір маңызды нысанның есігін ашып отырмыз. Баршаңызды спорт кешенінің ашылуымен құттықтаймын! Біздің басты мақсатымыз – спортты баршаға қолжетімді етіп, өңірдің спорттық әлеуетін арттыру. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Осы жерден көк туымызды биікке көтеретін талай чемпиондар шығып, еліміздің атын дүние жүзіне танытады деп сенемін, – деді облыс әкімінің орынбасары.
«Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында салынған нысан барлық қажетті материалдық-техникалық құралдармен жабдықталған. Мұнда жасөспірімдер мен балаларға арналған олимпиядалық спорттың бірнеше түрімен шұғылдануына барлық жағдай жасалған.
Аумағы атшаптырым жерде орналасқан жаңа спорт зал кешенінің жалпы ауданы 371,65 шаршы метрді құрайды. Зәулім де кең спорт зал едені өте сапалы резеңке жабындысымен жасалынған. Мұнда медициналық бөлме, ішкі дәретханалар, гардероб та қарастырылған. Заманауи жылыту қазандығы орнатылып, табиғи газға қосылған. Бір уақытта 100-ден астам адам спортпен шұғылдана алады. Енді ауыл жастары волейбол, баскетбол, бокс, үстел теннисі, күрес, гимнастика сынды спортпен шұғылдануға мүмкіндік алды.
Бұған дейін Арыс қаласына қарасты Қожатоғай және Ақдала ауылында дәл осындай спорт зал кешені пайдалануға берілген болатын. Жалпы, Арыс қаласына қарасты бойынша 2 спорт кешені мен 100-ден астам спорттық алаңқайлар мен спорт залдар, жаттығу құрылғылары бар.
Айта кетейік, биыл Түркістан облысында жалпы құны 11,3 млрд теңгеге 58 спорт нысанының құрылысы жүргізілуде. Бүгінгі таңда 5,4 млрд теңгеге 31 нысан пайдалануға берілді. Облыста барлығы 3 595 спорт нысаны бар. Оның 86 пайызы ауылдық елді мекендерде орналасқан.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
27 октября 2026
ТҮРКІСТАН: ОРДАБАСЫДА 250 ОРЫНДЫҚ МӘДЕНИЕТ ҮЙІ АШЫЛДЫ
 
Республика күні қарсаңында Бадам ауылында тұрғындар көптен күткен жаңа мәдениет үйі пайдалануға берілді. Рухани орданың ашылу салтанатына Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов, аудан әкімі Азат Оралбаев, ауыл ақсақалдары мен тұрғындар қатысты.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары жиналған жұртшылықты ұлттық мерекемен құттықтап, ауылда жаңа мәдениет ошағының ашылуы елдің рухани дамуына және тұрғындардың мәдени өмірін жандандыруға бағытталған маңызды қадам екенін атап өтті.
Ауыл ақсақалы да ел тілегінің орындалғанына ризашылығын білдіріп, игі іске ұйытқы болған азаматтарға алғысын жеткізді. Ақсақал жаңа нысанның ауыл тұрғындары үшін құтты мекенге айналуына тілектестік білдіріп, ақ батасын берді.
Ордабасы ауданының құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі мемлекеттік
мекемесінің тапсырысымен мәдениет үйінің құрылысын «ST Service KZ» ЖШС жүргізді. Құрылысы өткен жылдың наурыз айында басталған. Жобаның құны – 612 695 млн. теңге.
250 орындық заманауи мәдениет үйінде өнерпаздарға арналған сахна, балет залы, кітапхана, ардагерлер бөлмесі және спортпен шұғылдануға арналған орындар қарастырылған. Спорт аймағы шахмат және үстел теннисіне қажетті жабдықтармен қамтылған. Сонымен қатар сурет көрмелерін ұйымдастыруға арналған орын жасалып, кітапхана қоры жаңа әдебиеттермен толықтырылған.
Жаңа нысан ауыл тұрғындарының мәдени демалысын ұйымдастыруға, жас таланттардың қабілетін шыңдауға, кітап оқуға қызығушылығын арттыруға және аға буынның басын қосуға мүмкіндік береді.
Салтанатты рәсімнен кейін облыс әкімінің бірінші орынбасары қонақтармен бірге мәдениет үйін аралап, қариялармен пікірлесті. Іс-шара соңында ғимарат ауласына шырша көшеттері отырғызылды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Социальные сети
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы