Баланың мектептен шығарылуына әкеп соқтыратын себептер
Оқушының мектептен шығарылуы – оның оқу орнындағы жүріс-тұрыс тәртібі мен ережелерді жұйелі түрде бұзуы салдарынан жүзеге асырылатындықтан, сынып жетекшісі оның лайықсыз тәртібі, үлгерімінің нашарлауы және істеген теріс қылықтары туралы баланың ата-анасын немесе басқа заңды өкілдерін (қамқоршы, қорғаншы, патронаждық тәрбиелеуші) уақтылы хабардар етуге міндетті.
Мектептегі сабақтан 10 күн және одан көп уақыт дәлелді себепсіз қалған жағдайда оқушы ювеналды полиция бөліміне есепке алынады, ал ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Бала мектепке барудан үзілді-кесілді бас тартатын болса, ол соттың шешімімен әумесер мінез-құлықты балаларға арналған арнайы мектепке орналастырылуы мүмкін.
Ата-аналар мен мұғалімдер тарапынан уақтылы қабылданған педагогикалық шаралар бұл жағдайды баланың мектептен шығарылуына дейін жеткізбеуге көмектеседі.
2
Қандай әрекет жасау қажет?
Бала сабақтан шеттетілген жағдайда ата-анасы немесе басқа заңды өкілі (қамқоршы, қорғаншы, патронаттық тәрбиелеуші) мектеп директорына тиісті сұрақ бойынша арызбен жүгініп, шеттетілуді жазбаша негіздеуді талап етуі тиіс. Сабақтардан негізсіз шеттетілген жағдайда аудандық білім бөліміне арыз жазу қажет.
3
Мектептен шығару туралы шешім
Он алты жасқа дейінгі балаларды білім беретін мемлекеттік ұйымдардан шығаруға құқыққа қарсы әрекеттер жасағаны, білім беру ұйымдарының жарғысын өрескел және бірнеше рет бұзғаны үшін білім беру ұйымын мемлекеттік басқару органының шешімі бойынша ерекше жағдайларда рұқсат етіледі.
Жетім балаларды және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды шығару туралы шешім қорғаншылық және қамқоршылық ұйымдарының келісімімен қабылданады.
Мемлекеттік білім беру ұйымдарынан шығарылған балалардың жалпы орта білім алуы түзеу мекемелері жанындағы жалпы білім беретін мектепте, кешкі және жекеменшік мектепте немесе экстернат нысанында жалғасады.