ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ӘКІМШІЛІК РӘСІМДІК-ПРОЦЕСТІК КОДЕКСІ

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ӘКІМШІЛІК РӘСІМДІК-ПРОЦЕСТІК КОДЕКСІ

Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 29 маусымдағы № 350-VI ҚРЗ Кодексі.

 

13-тарау. ШАҒЫМ ЖАСАУ ТӘРТІБІ. ШАҒЫМ БЕРУ

 91-бап. Шағым жасау тәртібі

  1. Әкімшілік рәсімге қатысушы әкімшілік (сотқа дейінгі) тәртіппен әкімшілік актіні қабылдауға байланысты емес әкімшілік актіге, әкімшілік әрекетке (әрекетсіздікке) шағым жасауға құқылы.

      Осы Кодексте көзделген жағдайларда әкімшілік рәсімге қатысушы әкімшілік актіні қабылдауға байланысты әкімшілік әрекетке (әрекетсіздікке) шағым жасауға құқылы.

  1. Егер әкімшілік орган, лауазымды адам осы Кодексте белгіленген мерзімдерде әкімшілік актіні қабылдамаса, әкімшілік әрекет жасамаса, онда мерзімдер өткен күннен бастап әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік актіні қабылдаудан, әкімшілік әрекет жасаудан бас тартты деп есептеледі.
  2. Шағымды әкімшілік тәртіппен (сотқа дейінгі) қарауды жоғары тұрған әкімшілік орган, лауазымды адам (бұдан әрі – шағымды қарайтын орган) жүргізеді.

      Әкімшілік актісіне, әкімшілік әрекетiне (әрекетсiздiгiне) шағым жасалатын әкімшілік орган, лауазымды адам үшін бағыныстылық тәртібімен жоғары тұрған болып табылатын Қазақстан Республикасының Президентін, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрін, Қазақстан Республикасының Үкіметін қоспағанда, әкімшілік орган, лауазымды адам, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес шағымдарды қарауға уәкілеттік берілген өзге де әкімшілік орган, лауазымды адам осы Кодекстің мақсаттары үшін шағымды қарайтын орган деп танылады.

  1. Шағым әкімшілік актісіне, әкімшілік әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалатын әкімшілік органға, лауазымды адамға беріледі.

      Әкімшілік актісіне, әкімшілік әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалатын әкімшілік орган, лауазымды адам шағым келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей оны және әкімшілік істі шағымды қарайтын органға жібереді.

      Бұл ретте әкімшілік актісіне, әкімшілік әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалатын әкімшілік орган, лауазымды адам, егер ол үш жұмыс күні ішінде шағымда көрсетілген талаптарды толық қанағаттандыратын қолайлы әкімшілік акт қабылдаса, әкімшілік әрекет жасаса, шағымды қарайтын органға шағымды жібермеуге құқылы.

  1. Егер заңда өзгеше көзделмесе, сотқа дейінгі тәртіппен шағым жасалғаннан кейін сотқа жүгінуге жол беріледі.
  2. Жоғары тұрған әкімшілік орган, лауазымды адам болмаған жағдайда, әкімшілік актіге, әкімшілік әрекетке (әрекетсіздікке) сотқа шағым жасалуы мүмкін, бұл туралы әкімшілік іс бойынша шешім қабылдау кезінде әкімшілік актісіне, әкімшілік әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалатын әкімшілік орган әкімшілік рәсімге қатысушыға хабар береді.
  3. Шағымдарды прокуратура органдарының қарауы "Прокуратура туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген негіздерде және шектерде жүзеге асырылады.

 92-бап. Шағым беру мерзімі

  1. Әкімшілік актіге, әкімшілік әрекетке (әрекетсiздiкке) шағым әкімшілік рәсімге қатысушыға әкімшілік актіні қабылдау немесе әкімшілік әрекет жасау (әрекетсiздiк таныту) туралы белгілі болған күннен бастап үш айдан кешіктірмей әкімшілік органға, лауазымды адамға беріледі.
  2. Осы баптың бірінші бөлігінде белгіленген мерзім дәлелді себеппен өткізіп алған жағдайда, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмеген жағдайда, бұл мерзімді әкімшілік рәсімге қатысушының өтінішхаты бойынша шағымды қарайтын орган қалпына келтіруі мүмкін.

      Шағым берудің өткізіп алынған мерзімін қалпына келтіру мақсатында шағымды қарайтын орган ауруды, еңсерілмейтін күштің мән-жайларын және адамды шағым беру мүмкіндігінен айыратын өзге де себептерді дәлелді себептер ретінде таниды.

  1. Шағым жасау үшін өткізіп алынған мерзім шағымды қарайтын органның шағымды қабылдаудан бас тартуы үшін негіз болып табылмайды. Мерзімді өткізіп алу себептері шағымды қарау кезінде анықталады және шағымды қанағаттандырудан бас тарту үшін негіздердің бірі болып табылуы мүмкін.

 93-бап. Шағымның нысаны мен мазмұны

  1. Шағым жазбаша (қағаз және (немесе) электрондық) нысанда беріледі.
  2. Шағымда мыналар көрсетіледі:

      1) шағымды қарайтын органның атауы;

      2) жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе), жеке сәйкестендіру нөмірі, пошталық мекенжайы не заңды тұлғаның атауы, пошталық мекенжайы, бизнес-сәйкестендіру нөмірі;

       3) жеке тұлғаның нақты тұратын және заңды тұлғаның орналасқан жерінің мекенжайы;

       4) әкімшілік актісіне, әкімшілік әрекетіне (әрекетсіздігіне) дау айтылатын әкімшілік органның, лауазымды адамның атауы;

      5) әкімшілік рәсімге қатысушы өз талаптарын және дәлелдерін негіздейтін мән-жайлар;

      6) шағым беру күні;

      7) әкімшілік рәсімге қатысушының қолы;

      8) шағымға қоса берілетін құжаттардың тізбесі;

      9) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де мәліметтер.

 94-бап. Шағымды қабылдау, тіркеу, қайтару және кері қайтарып алу

  1. Шағымды қабылдау, тіркеу, есепке алу, қайтару және кері қайтарып алу осы Кодекстің 64-бабының ережелеріне сәйкес жүзеге асырылады.
  2. Шағымды тіркегеннен кейін әкімшілік рәсімге қатысушыға шағымды қарау кезіндегі оның құқықтары мен міндеттері түсіндірілуге тиіс.

 95-бап. Шағымды қараусыз қалдыру

  1. Шағымды қарайтын орган, егер:

      1) шағымды қарайтын органның әкімшілік рәсімге қатысушыға қатысты шағымды қарау нәтижелері бойынша шағымда көрсетілген сол нысана туралы және сол негіздер бойынша шешімі бар болса;

      2) сол адамға қатысты, сол нысана туралы және сол негіздер бойынша шығарылған, заңды күшіне енген сот актісі бар болса;

      3) шағымды қарайтын орган шағымды қайтарса;

      4) шағымды қарайтын орган арыз иесінен шағымды кері қайтарып алуды қабылдаған болса, шағымды қараусыз қалдырады.

  1. Әкімшілік рәсімге қатысушы шағымды қарайтын орган шағымды қараусыз қалдыру туралы шешім қабылдаған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде хабарландырылады.
  2. Шағымды қараусыз қалдыру үшін негіз болған мән-жайлар жойылғаннан кейін әкімшілік рәсімге қатысушы қайтадан шағым беруге құқылы.

 96-бап. Шағым берудің салдары

      Шағым беру мыналарды:

      1) азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтарын, қоғамдық немесе мемлекеттік мүдделерді қорғау қажеттілігін;

       2) тиісті шешім қабылдағанға дейін қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган немесе Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі өз құзыреті шегінде қабылдаған қаржы нарығындағы қызметті жүзеге асыруға арналған лицензиялардың қолданысын тоқтата тұру және (немесе) олардан айыру, қаржы ұйымдарын консервациялауды жүргізу жөніндегі әкімшілік актіні, оның жазбаша нұсқамаларын, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган немесе Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі өз құзыреті шегінде қабылдаған қадағалап ден қою (қадағалап ден қоюдың ұсынымдық шараларынан басқа) шараларын қолдану жөніндегі, банкті оның депозиторлары мен кредиторларының мүдделеріне қатер төндіретін және (немесе) қаржы жүйесінің тұрақтылығына қатер төндіретін қаржылық жағдайы тұрақсыз банктер санатына жатқызу туралы, банкті төлемге қабілетсіз банктер санатына жатқызу және оған "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес реттеу жөніндегі шараларды қолдану туралы әкімшілік актіні, сондай-ақ бюджет қаражатын орынсыз және негізсіз пайдаланудың анықталған фактілеріне байланысты мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының әкімшілік актілерін;

      3) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де жағдайларды қоспағанда, әкімшілік актінің, әкімшілік әрекеттің орындалуын тоқтата тұрады.

 14-тарау. ШАҒЫМДЫ ҚАРАУ

 97-бап. Шағымды жеке-дара және алқалы түрде қарау

  1. Шағымды лауазымды адам – жеке-дара, ал Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда не әкімшілік органның шешімі бойынша алқалы құрам қарайды.
  2. Әкімшілік актісіне, әкімшілік әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалатын лауазымды адам мынадай:

      1) мұндай адам шағымды қарайтын органның алқалы құрамына кіретін;

       2) осы Кодекстің 91-бабының төртінші бөлігінде көзделген жағдайларды қоспағанда, шағымды қарауға жіберілмейді.

 98-бап. Шағымды қараудың жалпы қағидалары

  1. Шағымды қарайтын орган шағымды дұрыс қарау үшін маңызы бар нақты мән-жайларды жан-жақты, толық және объективті зерттеу үшін шаралар қабылдауға міндетті.
  2. Нақты мән-жайларды зерттеудің нысанасы мен шектерін шағымды қарайтын орган айқындайды.
  3. Шағымды қарайтын орган әкімшілік актісіне, әкімшілік әрекетiне (әрекетсiздiгiне) дау айтылатын лауазымды адамды, осы Кодекстің 74-бабына сәйкес әкімшілік рәсімге қатысушыны тыңдайды.
  4. Шағымды қарайтын орган әкімшілік актісіне, әкімшілік әрекетiне (әрекетсiздiгiне) шағым жасалатын әкімшілік органның, лауазымды адамның, әкімшілік рәсімге қатысушының дәлелдерімен, сондай-ақ шағымда баяндалған талаптармен байланысты емес және әкімшілік істі толық көлемде тексереді.
  5. Шағымды қарайтын орган осы Кодекстің 75-бабына сәйкес әкімшілік іспен танысу мүмкіндігін қамтамасыз етеді.
  6. Арыз иесіне зиян келтіріп шағым беруге жол берілмейді.

 99-бап. Шағымды қарау мерзімі

      Шағымды қарау мерзімі шағым келіп түскен күннен бастап жиырма жұмыс күнін құрайды.

15-тарау. ШАҒЫМ БОЙЫНША ШЕШІМ

 100-бап. Шағымды қарау нәтижелері бойынша шешімдердің түрлері

  1. Шағымды қарайтын орган шағымды қарай отырып, мына шешімдердің бірін шығарады:

      1) әкімшілік актінің күшін жою туралы;

      2) әкімшілік актінің күшін жою және жаңа әкімшілік актіні қабылдау туралы;

      3) әкімшілік әрекетті жасау туралы;

      4) шағымды қанағаттандырусыз қалдыру туралы;

      5) әкімшілік істі жол берілген бұзушылықтарды және оларды жою жөніндегі ұсыныстарды көрсете отырып жүзеге асыру үшін әкімшілік рәсімді әкімшілік актісіне, әкімшілік әрекетiне (әрекетсiздiгiне) шағым жасалатын әкімшілік органға, лауазымды адамға жіберу туралы;

      6) шағымды қараусыз қалдыру туралы.

  1. Шағымды қарайтын орган, егер әкімшілік актіні қабылдау, әкімшілік әрекет жасау шағымды қарайтын органның құзыретіне жататын жағдайда, осы баптың бірінші бөлігінің 1), 2) немесе 3) тармақшаларында көзделген шешімді шығарады.

      Шағымды қарайтын орган әкімшілік рәсімді жүзеге асыру үшін шешім шығарылған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде жол берілген бұзушылықтарды көрсете отырып және, егер тиісті актіні қабылдау, әкімшілік әрекет жасау шағымды қарайтын органның құзыретіне жатпаса, оларды жою жөніндегі ұсыныстармен шағымды әкімшілік актісіне, әкімшілік әрекетіне (әрекетсiздiгiне) шағым жасалатын әкімшілік органға, лауазымды адамға жібереді.

  1. Мыналар:

      әкімшілік істі дұрыс қарау үшін маңызы бар мән-жайлардың ауқымын дұрыс айқындамау және анықтамау;

      әкімшілік акті, әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) мазмұнының әкімшілік істің материалдарына сәйкес келмеуі;

      Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзу немесе дұрыс қолданбау осы баптың бірінші бөлігінің 1), 2), 3) және 5) тармақшаларында көзделген шешімдерді шығару үшін негіздер болып табылады.

  1. Шағымды мәні бойынша қарау аяқталғаннан кейін жазбаша нысанда шешім шығарылады, ол әкімшілік рәсімге қатысушыға жіберіледі, ал шешімнің көшірмесі әкімшілік актісіне, әкімшілік әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалатын әкімшілік органға, лауазымды адамға жіберіледі.

      Шағымды қанағаттандырудан бас тарту дәлелді болуға тиіс.

      Шағымды қарайтын органның шешімі орындау үшін міндетті болып табылады.

  1. Егер шағымды қарайтын орган осы Кодексте белгіленген мерзімдерде шағымды қарау нәтижелері бойынша шешім қабылдамаса, онда мерзімдер өткен күннен бастап шағымды қарайтын орган шағымды қанағаттандырудан бас тартты деп есептеледі.
  2. Шағымды қарайтын органның шешімімен келіспеген жағдайда әкімшілік рәсімге қатысушы шағымды қарайтын басқа органға немесе сотқа әкімшілік актіге, әкімшілік әрекетке (әрекетсіздікке) шағым жасауға құқылы.

 101-бап. Шағымды қарау нәтижелері бойынша шешімнің мазмұны

  1. Шағымды қарау нәтижелері бойынша шешімде мыналар көрсетіледі:

      1) шешім қабылданған күн;

      2) шағымды қарайтын органның атауы;

      3) шағымды берген адам туралы мәліметтер: жеке тұлғалар үшін – тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе), жеке сәйкестендіру нөмірі, заңды тұлғалар үшін – атауы, ұйымдық-құқықтық нысаны, заңды тұлға (филиал мен өкілдік) үшін бизнес-сәйкестендіру нөмірі;

      4) шағым жасалатын әкімшілік актінің, әкімшілік әрекеттің (әрекетсіздіктің) қысқаша мазмұны;

      5) шағымның мәні;

      6) шағымды қарайтын орган шағым бойынша шешім шығарған кезде басшылыққа алған Қазақстан Республикасы заңнамасының нормаларына сілтемесі бар негіздеме.

  1. Шешімде Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген және (немесе) шағымды дұрыс қарау үшін маңызы бар, сондай-ақ шешім қабылдау үшін негіз болған өзге мәліметтер де көрсетілуі мүмкін.

 

175-бап. Осы Кодексті қолданысқа енгізу тәртібі

  1. Осы Кодекс 2021 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі.

 

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ӘКІМШІЛІК РӘСІМДІК-ПРОЦЕСТІК КОДЕКСІ
Дата публикации
20 ноября 2020