Түркістан облыстық аумақтық сайлау комиссиясы хабарлайды:

Облыстық аумақтық сайлау комиссиясы 2023 жылдың 22-қыркүйегі күні Түркістан қаласында еліміздегі саяси партиялар облыстық филиалдарының, қоғамдық бірлестіктердің басшылары және өкілдерінің қатысуларымен «Пилоттық режимде Бәйдібек, Мақтаарал, Созақ, Шардара аудандары әкімдерінің сайлауын әзірлеу мен өткізу барысындағы саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің заң талаптарына сай атқаратын іс-қимылдары жөнінде» тақырыппен семинар-кеңес өткізді. Аталған семинарға пилоттық режимде аудан әкімінің сайлауы өтетін аудандардың аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары қатысты.

Семинар-кеңесті облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Ж.Т.Мақұлбаев ашып, алдағы өтетін сайлаулардың еліміз үшін маңыздылығына тоқталып, заң талаптарына сәйкес саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктерге жүктелген міндеттердің ауқымдылығын атап өтті.

Семинар-кеңесте облыстық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Ә.М.Әлішев «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық Заңның талаптарына сәйкес саяси партиялармен ұсынылатын кандидаттарға қойылатын талаптар мен тіркеуге қажетті құжаттар бойынша кеңінен түсініктемелер берді. Қоғамдық бірлестіктер бойынша заңмен жүктелген міндеттерге, оның ішінде байқаушылардың міндеттері мен жауапкершіліктеріне тоқталды.

Саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер өкілдеріне заң талаптарын басшылыққа ала отырып, аумақтық сайлау комиссияларымен тығыз байланыста жұмыс атқару ұсынылды.

Семинар-кеңестің барысында қатысушылардың тараптарынан көптеген сұрақтар қойылып, оларға толыққанды жауаптар берілді.

Дата публикации
25 сентября 2023