БЖЗҚ-дан зейнетақы жинағымды бір рет біржолата алуға бола ма?

БЖЗҚ-дан зейнетақы жинағымды бір рет біржолата алуға бола ма?

Жеке тұлғалардың зейнетақы активтеріне құқықтары Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" Заңының (бұдан әрі – заң) 50-бабына сәйкес, Заңда көзделген заттық құқықтар санатына жатады және тек Заңда айқындалған мақсаттарға пайдаланылуы мүмкін. Оның ішінде зейнетақы төлемдерін, біржолғы зейнетақы төлемдерін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) емделуге ақы төлеу мақсатында жүзеге асыруға ғана пайдалануға болады.

Жеке және заңды тұлғалардың міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары және ерікті зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы активтеріне құқықтар  Заңда көзделген заттық құқықтар санатына жатады.

Заңның ережелеріне сәйкес БЖЗҚ-дан берілетін зейнетақы төлемдері міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ), міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтарынан белгіленген кесте бойынша ай сайынғы зейнетақы төлемдері және (немесе) зейнетақы жинақтары есебінен зейнетақы аннуитеті шартына сәйкес сақтандыру ұйымынан төленетін сақтандыру төлемдері түрінде, сондай-ақ, тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) емделуге ақы төлеу мақсатында біржолғы зейнетақы төлемдері түрінде жүзеге асырылады.  

Бұл ретте, егер зейнетақы жинақтарының сомасы БЖЗҚ-дан зейнет жасына толуына немесе мерзімсіз уақытқа 1 және 2 топ мүгедектігінің белгіленуіне байланысты алушының төлем алуға өтініш берген күніне тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төменгі зейнетақының он екі еселенген мөлшерінен аспаған жағдайда, бұл сома алушыға Қордан бір рет, біржолата төленеді (2023 жылы бұл сома 636 912 теңгені (12 * 53 076 теңге) құрайды).

Мерзімсіз уақытқа белгіленген 1 немесе 2 топтағы мүгедектігі бар адамдар да зейнетақы төлемдерін зейнет жасына толғанға дейін кесте бойынша ала бастайды.

БЖЗҚ-дан біржолғы зейнетақы төлемдері Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде, атап айтқанда, төмендегі шарттардың бірі болған кезде:

егер салымшының жеке зейнетақы шотындағы (ЖЗШ) МЗЖ және (немесе) МКЗЖ есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтарының сомасы зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегінен асып кетсе;

егер зейнетақы мөлшері, ал отставкадағы судьялар үшін ай сайынғы қамту сомасы Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен белгіленетін, алушының орташа айлық табысының 40 пайыздан төмен емес деңгейіндегі алмастыру коэффициентін қамтамасыз етсе;

егер салымшы сақтандыру ұйымымен зейнетақы аннуитеті шартын жасаса тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) емделуге ақы төлеу мақсатында жүзеге асырылады.

БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдері Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткен, Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған, кету дерегін растайтын құжаттарды ұсынған шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға бір мезгілде жүзеге асырылады.

Алушы, сондай-ақ, Қорда зейнетақы жинақтары бар және зейнет жасына толмаған адам қайтыс болған жағдайда, оның отбасына не жерлеуді жүзеге асырған адамға БЖЗҚ-дан тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген, бірақ ЖЗШ-да бар мөлшерден аспайтын айлық есептік көрсеткіштің 52,4 еселенген мөлшері шегінде жерлеуге біржолғы төлем төленеді.

Егер жерлеуге арналған біржолғы төлем жүзеге асырылғаннан кейін алушының ЖЗШ-дағы зейнетақы жинақтарының қалдығы республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі зейнетақы мөлшерінен аспайтын соманы құраған жағдайда, бұл қалдық жерлеуге арналған төлем ретінде төленеді.

БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар қайтыс болған адамның мұрагерлеріне, сондай-ақ, сот актісі бойынша иесіз қалған мүлік деп танылған зейнетақы жинақтарына жүгінген адамдарға БЖЗҚ-дан төлем біржолғы төлем ретінде жүзеге асырылады.

 

 

Дата публикации
23 февраля 2023