Бүгін «Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің ұйымдастыруымен «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» республикалық акциясы аясында Түркістан облысының ауыл шаруашылығы басқармасының «Ветеринарлық қызмет» ШЖҚ МКК Түлкібас аудандық филиалының бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшелерімен онлайн кездесу өтті.
Кездесуге Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев, "Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы" аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бердіғали Өмірәлі, «Түркістан облысы бойынша ауыл, орман шаруашылығы табиғат және жануарлар әлемін қорғау қызметкерлерінің кәсіподағының жергілікті қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сапарғали Шолданбаев, Түркістан облысының ауыл шаруашылығы басқармасының «Ветеринарлық қызмет» ШЖҚ МКК Түлкібас аудандық филиалының басшысы міндетін уақытша атқарушы Берік Есенбеков және бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшелері қатысты.
Кездесуді "Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы" АКБ төрағасы Бердіғали Өмірәлі ашып беріп, алғы сөзді ҚР КФ төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешевке ұсынды.
Нұрлан Сүлейменұлы "Қалың қалай, бастауыш ұйым?" акциясы аясында өткізіліп жатқан кездесулер тәжірибе алмасу және еңбек ұжымдарындағы көтерілген мәселелерді оңтайлы шешуге мүмкіндік беретінін жеткізді.
Бұдан кейін қатысушыларды ақпараттандыру үшін «Ветеринарлық қызмет» Түлкібас аудандық филиалының бастауыш кәсіподақ ұйымы жайында және онда атқарылып жатқан жұмыстары бойынша арнайы дайындалған бейнематериал көпшіліктің назарына ұсынылды.
Жиында өз кезегінде сөз алған «Ветеринарлық қызмет» Түлкібас аудандық филиалының басшысы міндетін уақытша атқарушы Берік Есенбеков, бастауыш кәсіподақ ұйымы жайлы қысқаша ақпарат беріп өтті. Ол өз сөзінде кәсіпорын мамандарының негізгі қызметі мен мақсаты халықты адам мен жануарларға ортақ аурулардан қорғау, ауыл шаруашылығы жануарларын сақтау мақсатында профилактикалық-диагностикалық емдеу шараларын жүргізу және тиісті аумақтарда ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету екендігін айта отырып, «Бүгінде ұжымда 80 маман жұмыс атқарады және барлығы түгел кәсіподақ мүшелері. Кәсіпорынның үйлесімді жұмысының арқасында ұжымда еңбек даулары орын алмаған, сондай-ақ еңбеккерлердің ауызбіршіліктерін дамыту аясында үнемі түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып отырады. Сонымен қатар, еңбеккерлердің әлеуметік-экономикалық, құқықтық мүдделерін қорғау толығымен сақталған және жұмыс орнындағы еңбек қауіпсіздігі бойынша оқыту мен нұсқама уақытылы өткізіліп тұрады» - деді Берік Есенбеков.
Кезекті сөз жергілікті қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сапарғали Шолданбаевқа берілді. Ол өз кезегінде Кәсіподақтар федерациясына көрсеткен қолдауы үшін алғысын білдіріп, бүгінгі қозғалған өзекті мәселелерді шешуге жан-жақты атсалысатынын жеткізді.
Сонымен қатар жиында кәсіподақ мүшелері ұзақ уақыттан бері шешімін таппай жүрген кәсіпорында жұмыс жасайтын еңбеккерлердің жалақысын көтеру және кәсіподақ тарапынан сауықтыру орындарына жолдама алу мәселелері қолға алынса екен деп өз уәждерін айтып өтті.
Кездесуді қорытындылаған ҚР Кәсіподақтар Федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев бастауыш кәсіподақ ұйымының үйлесімді жұмысын атап өтіп, оң бағасын берді. Сонымен қатар әлеуметтік-әріптестік жылы аясында көтерілген мәселелер алдағы уақытта жұмыс жүргізу нәтижесінде жауапсыз қалмайтынын мәлім етіп, қатысушыларға өз алғысын білдірді.
#Әлеуметтікәріптестікжылы
#Годсоциальногопартнерства
#социальноепартнерство
#әлеуметтікәріптестік
#равноесотрудничество
#еңбекқатынастары