Ағымдағы жылдың 5 маусымы күні өтетін жалпыұлттық референдум бойынша үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу мақсатында «Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төраға орынбасары Айдар Бахтыбаев, «Қазақстандық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Түркістан облыстық ұйымының» төрағасы Жандос Шайдулла Түркістан қаласының адами әлеуетті дамыту бөлімінің «М.Шоқай атындағы №24 жалпы орта мектеп» КММ-нің кәсіподақ мүшелері-ұстаздармен дөңгелек үстел өтті.
Іс-шара барысында сөз алған аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төраға орынбасары Айдар Бахтыбаев, Мемлекет басшысы ұсынған реформа Қазақстанның стратегиялық болашағын айқындайтын бастама екенін, сол себепті ел тағдырын айқындайтын осынау маңызды кезеңде ешкім шет қалмау керектігін алға тартты. «Референдум – бірлігімізді бекемдейтін айтулы саяси оқиға. Бұл реформалардың мәні – еліміздегі демократияны нығайту, әділетті қоғам орнату, азаматтардың мемлекет ісіне араласу мүмкіндігін арттыру. Міне, сондықтан, Президентіміз Ата заңға енгізілген өзгерістерді халықтың талқысына салып, көпшіліктің шешіміне сүйеніп қабылдауды көздеп отыр. Осы орайда, Мемлекет басшысының бастамаларын қолдай отырып, баршаңызды «Жаңа Қазақстанды» бірлесе құруға шақырамын! – деді Айдар Бахтыбаев.
Сондай-ақ, өз кезегінде сөз алған Жандос Шайдулла Президенттің Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде республикалық референдум өткізу туралы ұсынысының маңызы жоғары екенін тілге тиек етіп, бұл реформа ел дамуының жаңа кезеңі басталғанын көрсететінін айтты.
Шара соңында қатысушылар референдумнан құлағдар болып, алда болатын өзгерістер мен толықтыруларды қолдайтындарын білдірді.