Қазіргі таңда еліміздегі барлық кәсіподақ өкілдері Ата Заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар туралы насихаттау жұмыстарын қарқынды жүргізуде. Республикалық референдумды кәсіподақ мүшелеріне кеңінен түсіндіруді мақсат еткен кезекті кездесу Түркістан қаласының адами әлеуетті дамыту бөлімінің «Ж.Еділбаев атындағы №18 мектеп-гимназия» КММ-нің бастауыш кәсіподақ ұйымында өтті.
Кездесуге «Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төраға орынбасары Айдар Бахтыбаев, «Қазақстандық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Түркістан облыстық ұйымының» төрағасы Жандос Шайдулла, Түркістан қалалық кәсіподақтарының төрағасы Диана Турманова, «Ж.Еділбаев атындағы №18 мектеп-гимназия» директоры Қамбарұлы Уалихан мен кәсіподақ активі қатысты.
Өз кезегінде сөз алған Айдар Бахтыбаев негізгі Заңға ұсынылып отырған өзгерістер мен толықтырулар тоқталып, «Референдум — мемлекеттік маңызы бар мәселені халықтық дауысқа салу. Яғни, бұл мынау отырған әрбіріміздің Қазақстан Республикасының азаматы ретінде ел тағдырын шешуге тікелей қатысуға және жан-жақты демократияландыру мен жаңа Қазақстанды құру жөніндегі бағытымызды нығайтуға өз үлесімізді қосуға мүмкіндік болып табылады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елді жаңғырту бағыты әрқайсымыз үшін тарихи өзгерістердің қатысушысы болуға бірегей мүмкіндік береді. Осы өзгертулерді қолдау мақсатында, баршаңызды азаматтық ұстаным танытып, Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізуде тыс қалмауға шақырамын» - деді төраға орынбасары.
Кездесу соңында кәсіподақ мүшелері алда өтетін референдумға қатысты сұрақтар қойып, оған толыққанды жауаптарын алып, Мемлекет басшысының бастамасын бірауыздан қолдайтындықтарын жеткізді.
Айта кету керек, 2022 жылдың 5 маусымына жоспарланған референдумға, ұлтына және нәсіліне қарамастан 18 жасқа толған Қазақстан Республикасының барлық азаматтары қатыса алады.