ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ КӘСІПОДАҚТАРЫ 2021 ЖЫЛҒЫ ЖҰМЫСТАРЫН ҚОРЫТЫНДЫЛАДЫ

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешевтың қатысуымен «Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінде Үйлестіру кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.
Үйлестіру кеңесіне «Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бердіғали Өмірәлі, «Заң клиникасы» және «Татуласу орталығы» өкілдері, салалық және жергілікті кәсіподақ төрағалары мен кәсіподақ активі қатысты.
Басқосуда Бердіғали Өмірәлі бірлестіктің 2021 жылы атқарған жұмысы туралы және 2022 жылға қойылған жұмыс жоспары бойынша баяндама жасады.
Бүгінгі күні аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің құрамында 6 салалық кәсіподақ филиалы және 4 жергілікті кәсіподақ бар. Осы кәсіподақ ұйымдарының құрамына 904 бастауыш кәсіподақ ұйымдары кіреді. 2021 жылы 62 мекемеде бастауыш кәсіподақ ұйымдары ашылып, 3 654 адам кәсіподақ мүшелігіне тартылған.
«Түркістан облысы әкімдігінің 2021 жылғы 07 маусымдағы қаулысымен Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссиясының жаңа құрамы бекітіліп, 2021 жылы осы комиссияның 6 отырысы өтті. Кәсіподақтар бірлестігімен осы отырыстардың күн тәртібіне еңбек даулары, жалақы қарыздары және жұмысшылардың құқықтарымен мүдделерін көздейтін 4 мәселе енгізіліп, олардың барлығы оң шешімдерін тапты. Бұдан бөлек, 2021 жылы Үйлестіру кеңесінің 9 отырысы өткізілді, онда кәсіподақтың күнделікті жұмыс барысында туындайтын өзекті мәселелер талқыланып, шешу жолдары қарастырылды.
Қазіргі таңда облысымыз бойынша 4876 мекеменің ұжымдық шарты тіркелген. Жыл басында облыс аумағындағы мекемелер мен кәсіпорындарды ұжымдық шартпен қамту деңгейі 70%-ды құрады. Кәсіподақтар бірлестігі ұжымдық шарт жасаған мекемелердің санын арттыруға өз үлесін қосып жатыр. Сондай-ақ, биылғы жылы кәсіподаққа мүшелікке тартылған мекемелердің барлығында ұжымдық шарттар жасалуда.
Кәсіподақтар федерациясымен 2021 жылы Еңбек адамын ұлықтау, бастауыш кәсіподақ ұйымдарына, кәсіподақ мүшелеріне қолдау көрсету мақсатында бірқатар жобалар іске асырылғаны белгілі. Осы акциялардың аясында Кәсіподақтар бірлестігімен дөңгелек үстелдер, семинар-оқытулар, кездесулер, салтанатты шаралар ұйымдастырылды. Жалпы мұндай іс-шараларға мыңнан астам кәсіподақ мүшелері қатысты. Бұдан бөлек, «Қалың қалай бастауыш ұйым?» акциясы аясында 5 еңбек ұжымымен онлайн форматта, 111 еңбек ұжымымен офлайн форматта кездесулер өтті. ҚРКФ-ның «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» республикалық акциясы бастауыш ұйымдарды қолдау мен еңбек ұжымдарымен «Кері байланыс» жүйесін құру үшін қолға алынғаны белгілі. Еліміздің барлық аймақтарында өткізіліп жатқан мұндай кездесулер тәжірибе алмасу мен еңбек ұжымдарындағы көтерілген мәселелерді ашық жеткізе отырып, оларды шешу үшін оңтайлы шаралар қабылдауға мүмкіндік берді.
Сонымен қатар, 2021 жылдың 4 қазаны күні Кәсіподақтар бірлестігімен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және Кәсіподақтар күніне орай «Бастауыш кәсіподақ ұйымдарының форумы» өткізілді. Сондай-ақ, 2021 жылы кәсіподақ қозғалысын дамыту, Еңбек адамын ұлықтау, Әлеуметтік әріптестік бағыттарында атқарылып жатқан жұмыстар туралы аудитория ауқымы 100 мыңнан астам адамды құрайтын әлеуметтік желілердегі парақшаларда 500-ден аса жарияланымдар жасалды» - деп айтып өтті.
Бердіғали Өмірәлі атқарылған жұмыстар туралы баяндамасын қорытындылай келе, 2022 жылға еңбек жанжалдарының жоғары қаупі бар аймақтарда еңбек дауларының алдын-алу бойынша жұмыстарына, келіссөздер жүргізуге облысымызға белгілі кәсіподақ белсенділерінен 7 адамнан тұратын пулы қалыптасқанын айтты. Сондай-ақ, еңбек дауларының алдын алу мақсатында қызметкерлер мен жұмыс берушілер үшін еңбек заңнамасының негіздерін түсіндіру, келіссөздер жүргізу дағдыларын дамыту және еңбек жанжалдарында консенсусқа қол жеткізу бойынша бірлескен семинарлар мен тренингтер өткізу жоспарланып жатқандығын жеткізді.
Заң клиникасының жұмысын жандандыру мәселесі бойынша, азаматтардың еңбек қатынастары, даулары мен түрлі әлеуметтік мәселелерін шешу мақсатында «Заң клиникасы» және «Татуласу орталығы» арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандум негізінде кәсіподақ мүшелеріне қызмет көрсетілуде.
Сонымен қатар, 2022 жылға жұмыс жоспары және медиа-жоспары бекітілген. Осы жоспарларға сәйкес, Кәсіподақтар бірлестігі ағымдағы жылы Әлеуметтік әріптестермен бірге еңбек заңнамасын жетілдіру, қызметкерлердің әлеуметтік-еңбек құқықтарын жақсарту, жалақыны арттыру және кәсіподақтардың қатардағы мүшелері үшін лайықты еңбек жағдайларын жасау бағытындағы мақсаттарды іске асыру және салалық, жергілікті кәсіподақтармен бірлесіп жаңадан бастауыш кәсіподақ ұйымдарын ашу, кәсіподақ мүшелерінің санын арттыру бағытындағы жұмыстар жүргізілетін болады. Сондай-ақ, төраға алдағы уақытта бастауыш кәсіподақ ұйымдарымен кездесулер жоспарланғанын жеткізді.
Жиын барысында «Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы Түркістан облыстық филиалының төрайымы Кулдар Есебаеваның, Түркістан облысы бойынша ауыл, орман шаруашылығы табиғат және жануарлар әлемін қорғау қызметкерлері кәсіподағының жергілікті қоғамдық бірлестігінің төрағасы С.Шолданбаевтың 2021 жылы атқарылған жұмыстары туралы баяндамалары тыңдалды.
Кеңес отырысын қорытындылаған Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясы төрғасының орынбасары Нұрлан Өтешев «Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі мен салалык кәсіподақтар ұйымының жұмысына оң баға беріп, алдағы уақытта ынтымақтастықта жұмыс жасауға шақырды.

Дата публикации
10 марта 2022