«Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында «Grand Miks» ЖШС бастауыш кәсіподақ ұйымында онлайн кездесу өтті. Жиынға Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясы төрағасының орынбасары Нурлан Утешев, "Түркістан облысы Кәсіподақтар орталығы" аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бердіғали Өмірәлі, Түркістан қаласы Құрылыс кешені және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының төрағасы Шірікбаев Бектас, «Grand Miks» ЖШС-нің директоры Исхаков Собиржан, «Grand Miks» ЖШС-нің директор орынбасары Юлдашев Камал, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Салиев Хасан және кәсіподақ активі қатысты.
Кездесуді «Түркістан облысы Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бердіғали Өмірәлі ашып беріп, алғы сөзді Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясы төрағасының орынбасары Нурлан Утешевке берді.

Нурлан Сүлейменұлы «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында өткізіліп жатқан кездесулер тәжірибе алмасу және еңбек ұжымдарындағы көтерілген мәселелерді оңтайлы шешуге мүмкіндік беретінін жеткізді.
Бұдан кейін қатысушылардың назарына «Grand Miks» ЖШС бастауыш кәсіподақ ұйымының атқарған жұмыстары және жеткен жетістіктері бойынша арнайы дайындалған бейнематериал ұсынылды.
Сөз кезегін алған бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Салиев Хасан, бүгінде фабрикада 155 еңбеккер жұмыс істейтіндігін айтып, алдағы уақытта жұмыс орындарын ұлғайту жоспарланып жатқандығын жеткізді. Қызметкерлер түгелдей кәсіподақ мүшесі. Кәсіпорында еңбекті қорғаудың барлық шарттары сақталған. Мерекелер кезінде бастауыш кәсіподақ ұйымы тарапынан спорттық және мәдени шаралар өткізіледі. Іс-шараларда мақтау қағаздар, сыйлықтар мен басқа да ақшалай сыйақылар қарастырылған.

Сонымен қатар «Grand Miks» ЖШС-нің директор орынбасары Юлдашев Камал 20 жыл ішінде жиһаз өндірісі әлемінде шағын цехтан шыққан "Grand Miks" фабрикасы танымал брендке айналып, аумақтағы және тұтастай елдегі жиһаз трендтерінің заң шығарушысы болып саналатындығын мақтанышпен айтып өтті. Компания қазақстандық өндірушілер тауарларының жәрмеңкелері мен көрмелеріне белсенді қатысып, әр түрлі номинациялар бойынша жоғары дәрежедегі марапаттармен марапатталған. Сондай-ақ, барлық кәсіпкерлердің өзекті мәселесі мемлекет тарапынан берілетін несиенің пайыздық үлесін төмендету және қайтарылатын уақытын ұзарту туралы айтылды.

Кездесуді қорытындылаған Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Утешев көтерілген мәселелердің шешілу жолында жұмыстар атқарылатынын жеткізіп, кездесуді «Біз кәсіподақ мүшелерінің барлық өзекті мәселелерін жүйелі түрде шешуге «Әділеттілік пен дамуға – бірлікте» деген ұранымызды ұстана отырып, қол жеткізе аламыз», – деп қорытындылады.
#kasipodaqkz1010
#denprofsoyuzov1010
#kasipodaqkuni1010
#деньпрофсоюзов1010