Қазақстан Республикасының Үкіметі, жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктері (қауымдастықтары, одақтары) мен кәсіптік одақтардың республикалық бірлестіктері (қауымдастықтары, одақтары) арасындағы
2021-2023 жылдарға арналған
БАС КЕЛІСІМ
Нұр-Сұлтан қ., 2021 жыл
Қазақстан Республикасының Үкіметі, жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктері (қауымдастықтары, одақтары) мен кәсіптік одақтардың республикалық бірлестіктері (қауымдастықтары, одақтары) арасындағы 2021 – 2023 жылдарға арналған
БАС КЕЛІСІМ
I бөлім. Жалпы ережелер
Қазақстан Республикасының заңнамасын мүлтіксіз сақтау;
мемлекеттің, жұмыс берушілер мен жұмыскерлердің әлеуметтік жауапкершілігі, өзара құрмет, сенім және олардың мүдделерін ымыраға келтіруге барынша қол жеткізу;
әлеуметтік әріптестік, оның ішінде еңбек қатынастарын және еңбек қатынастарымен тікелей байланысты өзге де қатынастарды, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық қатынастарды ұжымдық-шарттық реттеу;
жұмыс берушілер мен жұмыскерлердің лайықты еңбек жағдайларын қамтамасыз ету және әлеуметтік-экономикалық мүдделерін қорғау, еңбек ұжымдарында келісім мен тұрақтылықты сақтау үшін сындарлы өзара әрекет ету қағидаттарын тани отырып,
осы Қазақстан Республикасының Үкіметі, жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктері (қауымдастықтары, одақтары) мен кәсіптік одақтардың республикалық бірлестіктері (қауымдастықтары, одақтары) арасындағы 2021 – 2023 жылдарға арналған Бас келісімді (бұдан әрі – Келісім) мынадай:
1) әлеуметтік әріптестік;
5) экономикалық саясат;
2) халықты жұмыспен қамтамасыз ету;
3) лайықты еңбек жағдайлары және еңбекақы төлеу;
4) әлеуметтік саясат;
6) Келісімді іске асыру және оның орындалуын бақылау бағыты шеңберінде жасасты.
II бөлім. Әлеуметтік әріптестік
Тараптар әлеуметтік әріптестікті дамыту бойынша міндеттемелерді қабылдады, олар мынаған бағытталған:
1) халықтың әл-ауқатын арттыру, қоғамдағы теңсіздікті азайту, экономиканы дамыту және жұмыспен қамтуды қолдау, азаматтық қоғамды қалыптастыру және Тараптардың мүдделерін қозғайтын басқа да мәселелер бойынша міндеттерді шешу үшін әлеуметтік әріптестікті қолдану саласын кеңейтуді көздейтін «Әлеуметтік әріптестік туралы» Заңды әзірлеу арқылы әлеуметтік әріптестік институтын реформалау мәселелерін қарау;
2) кәсіптік одақтар бірлестіктерінің (қауымдастықтарының, одақтарының) және жұмыс берушілер бірлестіктерінің (қауымдастықтарының, одақтарының) өз мүшелерінің еңбек және әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін білдіру және қорғау бойынша рөлін арттыру;
3) кәсіптік одақтар бірлестіктерінің (қауымдастықтарының, одақтарының) және жұмыс берушілер бірлестіктерінің (қауымдастықтарының, одақтарының) қызметіне араласпау, оларды құруға және жұмыс істеуіне кедергі болмау туралы заңнамалық және жалпыға бірдей танылған халықаралық нормалар мен қағидаларды сақтау;
4) Халықаралық еңбек ұйымының конвенциялары мен ұсынымдарына сәйкес Әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік пен еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі республикалық үшжақты комиссия (бұдан әрі – Республикалық комиссия) туралы жаңа Ережені қабылдауды көздейтін Республикалық комиссияны жаңғырту;
5) Республикалық комиссияның отырыстарында Тараптардың консультациялары мен келіссөздерін тұрақты өткізу, сондай-ақ еңбек қатынастарын және еңбек қатынастарымен тікелей байланысты өзге де қатынастарды, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық қатынастарды реттеу мәселелері бойынша оның шешімдерін толық, уақтылы және сапалы орындау;
6) Тараптардың әлеуметтік-еңбек қатынастары саласындағы нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеуге қатысуын қамтамасыз ету;
7) еңбек қатынастарын және еңбек қатынастарымен тікелей байланысты өзге де қатынастарды, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық қатынастарды реттеу мәселелерін қарау кезінде Тараптар өкілдерінің Қазақстан Республикасы Үкіметінің отырыстарына қатысуы;
8) Халықаралық еңбек ұйымының конвенциялары мен ұсынымдарына сәйкес Тараптардың (жұмыс берушілер мен жұмыскерлер өкілдерінің) жұмыскерлердің әл-ауқатына және еңбек өнімділігін арттыруға ықпал ететін мәселелерді бірлесіп қарау құқығын көздейтін екіжақты әлеуметтік әріптестік институтын дамыту;
9) ұжымдық еңбек даулары мен жанжалдарын реттеу, оларды шешудің қолданыстағы тәртібін жетілдіру, сондай-ақ елдің ұйымдарында әлеуметтік-еңбек қатынастарын ұжымдық-шарттық реттеу практикасын дамыту;
10) жұмыскерлер мен жұмыс берушілер үшін еңбек заңнамасының негіздерін түсіндіру, келіссөздер жүргізу дағдыларын дамыту және еңбек жанжалдарында консенсусқа қол жеткізу бойынша бірлескен семинарлар мен тренингтер өткізу;
11) Қазақстан Республикасындағы әлеуметтік-еңбек қатынастары туралы ұлттық баяндаманы бірлесіп дайындау;
12) салалық және өңірлік келісімдер жасасу, оларды кейіннен орындау тәжірибесіне мониторинг жүргізу және қорытындылау, сондай-ақ ұжымдық шарттар негізінде әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу үшін бақылауды жүзеге асыру.
III бөлім. Экономикалық саясат
Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) экономикалық белсенділікті қолдауға және 2023 жылы мынадай көрсеткіштерге қол жеткізуге бағытталған контрциклдық макроэкономикалық саясатты жүргізу:
ЖІӨ өсімі – 103,7 % (орта есеппен үш жылда);
ЖІӨ-дегі негізгі капиталға инвестициялар үлесі – 23,5%;
инфляцияның нысаналы дәлізі – 4-5 %;
тікелей шетелдік инвестициялар көлемі – 25 млрд. АҚШ долл.;
шикізаттық емес экспорт көлемі – 34,6 млрд. АҚШ долл.;
еңбек өнімділігінің 10,4%-ға өсуі (2019 жылға қарай);
ЖІӨ-дегі шағын және орта бизнестің үлесі – 32,5%;
мемлекеттің экономикадағы үлесі – 14,4%.
2) салықтық-бюджет саясатын отандық кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және импортты алмастыруды ынталандыруға бағыттау;
3) міндетті әлеуметтік сақтандыру шеңберінде заңнамада көзделмеген мақсаттарға қорлар қаражатын алып қоюға жол бермеу жолымен Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету;
4) мыналар:
мемлекеттік қолдау бағдарламалары мен шараларының атаулылығын кеңейту және арттыру;
экономикалық қолжетімді банктік кредит беру көлемін ұлғайту арқылы бизнес үшін қаржыландырудың қолжетімділігін арттыру бойынша шаралар қабылдау;
5) мемлекеттің үлесі мен қатысу деңгейінің аражігін нақты ажырата отырып, «шешімдер топтамасы» шаралар кешенін айқындау жолымен ішкі және/немесе сыртқы нарықтарда қатысуын ұлғайтуға қабілетті кәсіпорындарды ынталандыруды қамтамасыз ету;
6) бизнестің банктік кредиттеуге тәуелділігін төмендету үшін микрокредит беруді, факторингті, қор нарығының мүмкіндіктерін кеңейту арқылы банктік кредиттеуге баламаларды дамытуды қамтамасыз ету;
7) бизнесті жүргізу үшін қолайлы жағдайлар жасау жөніндегі жұмысты жалғастыру, оның ішінде:
«Бизнеске арналған үкімет» қызметтер көрсетудің бірыңғай кеңсесі қағидаты бойынша мемлекет пен бизнестің өзара іс-қимылының жаңа форматын кеңейту;
бизнес құру рәсімдерін оңайлату және әкімшілік кедергілерді қысқарту;
мемлекеттік реттеуді, оның ішінде салықтық әкімшілендіруді оңтайландыру және жұмсарту, нарыққа кіру және бизнесті жүргізу процестері бойынша кедергілерді азайту;
инфрақұрылымның қолжетімділігі мен сапасын арттыру;
мемлекеттік сатып алуға, квазимемлекеттік секторды сатып алуға және жер қойнауын пайдаланушылардың реттелетін сатып алуына қатысу бойынша отандық бизнес үшін қолжетімділікті кеңейту;
мемлекеттік-жеке меншік әріптестік құралдарын, оның ішінде фискалдық ынталандырулар, жеңілдіктер мен преференциялар арқылы кеңейту;
инвестициялық заңнаманың тұрақтылығын қамтамасыз ету;
мемлекеттің экономикаға тікелей қатысуын азайту;
ЭЫДҰ елдерінің озық практикасын қолдана отырып, квазимемлекеттік сектор мен жеке бизнес арасында бәсекелестік ортаны қалыптастыру;
«жасанды монополияларды бұзу» қағидаты бойынша заңнаманы жетілдіру, монополияларға көрсетілетін мемлекеттік қолдауды қысқарту, сондай-ақ баға белгілеудің және монополиялар қызметтері мен тауарларын жеткізу тізбектерінің ашықтығын қамтамасыз ету;
көлеңкелі экономиканың үлесін төмендету бойынша ынталандыру шараларын қолдану;
кәсіпорындарды жасанды банкроттыққа және рейдерлік басып алуға жол бермейтін заңнама нормаларын күшейту.
Тараптар бірлесіп:
1) салықтық әкімшілендіруді жеңілдету жөніндегі шараларды пысықтауға;
2) импортты алмастыруды ынталандыруға және отандық тауарлардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға салық-бюджет саясатын дамыту шараларын қабылдауға;
3) нысаналы индикаторларға қол жеткізу негізінде де, әсерді контрфактивтік бағалау негізінде де субсидиялар мен қолдау шараларының тиімділігін мониторингтеу мен бағалау жүйесін дамытуға;
4) мемлекеттік сатып алу жүйесінің, оның ішінде квазимемлекеттік сектордың ашықтығын қамтамасыз етуге;
5) ауыр бұзушылықтар бойынша жауапкершілікті қатаңдата отырып, болмашы құқық бұзушылықтарға «жұмсақ құқық» құралдарын неғұрлым кеңінен қолдануға көше отырып, бәсекелестікті дамыту жөніндегі проактивті мемлекеттік саясатты енгізу жөніндегі жұмысты жалғастыруға;
6) озық практикалар мен ЭЫДҰ стандарттарын имплементациялау жөніндегі, сондай-ақ БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарын ұлттық және жаһандық деңгейлерде іске асыру жөніндегі жұмысты жалғастыруға;
7) салалар мен өңірлерде бәсекелестікті дамыту стандарттарының жүйесін қалыптастыруға;
8) кәсіпорындарда өндірісті ұйымдастырудың жаңа әдістерін, сапа менеджменті жүйелерін, корпоративтік басқару қағидаттарын және еңбек пен капиталдың өнімділігін арттыратын энергия үнемдеуші озық технологияларды ендіруде жәрдемдесуге уағдаласты.
IV бөлім. Халықты жұмыспен қамтамасыз ету
Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) жаппай кәсіпкерлікті дамыту бойынша жағдай жасайды, оның ішінде:
- «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту, оның ішінде онлайн режимде;
- жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар беру;
- «Жас кәсіпкер» жастар кәсіпкерлігін дамыту бойынша жағдайлар жасайды;
2) жұмыспен қамтамасыз етуге, жұмыссыздық деңгейінің өсуіне жол бермеуге және қосымша жұмыс орындарын құруға бағытталған Жұмыспен қамтудың 2020 – 2021 жылдарға арналған жол картасын іске асырады;
3) жалдау мен жұмыспен қамтудың жаңа нысандарын дамыту және енгізу бойынша кешенді жұмыс жүргізеді;
4) білім беру жүйесін еңбек нарығының қажеттілігіне және оның даму перспективаларына сәйкес кадрлар даярлауға бағдарлайды;
5) жұмыссыздарды және өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптік дағдылар мен құзыреттер алу мүмкіндіктерімен қамтамасыз етеді;
6) әлеуметтік сақтандыру арқылы нәтижелі жұмыспен қамтуды ынталандыратын болады;
7) жұмыс іздеуде қиындық көріп жүрген адамдарды жұмыспен қамтуға ықпал ететін іс-шараларды жүзеге асырады;
8) шетелдік жұмыс күшін тартуды квоталау арқылы ішкі еңбек нарығын қорғайды;
9) жұмыс берушілерге мүгедек адамдарды жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс орындарын құруға жәрдем көрсетеді.
Тиісті қызмет салалары жұмыс берушілерінің республикалық бірлестіктері:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жұмыскерлерді кәсіптік даярлауды, қайта даярлауды және олардың біліктілігін арттыруды қамтамасыз ету бойынша жұмыс берушілердің құқықтары мен міндеттерін ұжымдық шарттарға және (немесе) салалық, өңірлік келісімдерге енгізу бойынша жұмыстарды жүргізеді;
2) халықты жұмыспен қамту орталықтарымен бірлесіп, жұмыс берушілерге қоғамдық жұмыстарды, әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру және жастар практикасын өткізу үшін жұмыс орындарын хабардар етеді және жәрдемдеседі;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жұмыс берушілердің мүгедектігі бар адамдар үшін арнайы жұмыс орындарын құруын қамтамасыз етеді;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мүгедектігі бар адамдар үшін жұмыс орындарының стандарттарын сақтай отырып, мүгедек адамдарды жұмысқа орналастыру жөніндегі квотаны орындау бойынша жұмыс берушілердің міндеттемелерін орындауды қамтамасыз етеді;
5) жұмыс берушілердің Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес талап етілетін мамандықтар бөлінісінде бос орындардың болуы туралы мәліметтерді және жұмыс орындарын болжамды құру туралы деректерді еңбек нарығының бірыңғай ақпараттық базасына, оның ішінде «Электрондық еңбек биржасы» мемлекеттік ақпараттық порталы арқылы ұсынуды қамтамасыз етеді;
6) жұмыс берушілердің құрылтайшысы, қатысушысы немесе акционері (ұйым ішінде) болып табылатын заңды тұлғаларға (филиалдарға, өкілдіктерге және (немесе) өзге де оқшауланған құрылымдық бөлімшелерге) қысқартылатын жұмыскерлердің ұқсас лауазым, тиісті біліктілік, мамандық немесе кәсіп, орындалатын жұмыстың күрделілігі, саны мен сапасы бойынша бар бос орындарға ауысуын жұмыс берушілерге қамтамасыз етеді;
7) халықты жұмыспен қамту орталықтарымен бірлесіп, халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган белгілеген тәртіппен және шарттарда «Бірінші жұмыс орны» жобасы шеңберінде жастарды бірінші жұмыс орнына жұмысқа орналастыруда жұмыс берушілерді хабардар етеді және жәрдемдеседі;
8) кандидаттардың біліктілігі тең болған кезде (жұмыскердің білім деңгейін, білімін, іскерлігін, кәсіптік дағдылары мен жұмыс тәжірибесін ескере отырып) қазақстандық мамандар үшін жұмыс берушілердің жұмысқа орналасуға басым құқық беруі арқылы шетелдік мамандарды біртіндеп қазақстандық мамандармен ауыстыру жөнінде шаралар қолданады және шетелдік мамандарды қазақстандық мамандармен біртіндеп ауыстыру жөнінде шаралар қолданады;
9) жастардың аға буыны жұмыскерлерінің тәжірибесі мен дағдыларын беру үшін тәлімгерлік бойынша жұмысты күшейтеді;
10) халықты жұмыспен қамту орталықтарымен бірлесіп жұмыспен қамтуды мемлекеттік қолдау шаралары шеңберінде жұмыс берушілердің жұмыс орындарын сақтауын қамтамасыз етуге жәрдемдеседі;
11) ұйымдарды қайта құрылымдау процесінде жұмыс берушілердің жұмыскерлерді жаппай босатуына жол бермеу жөнінде шаралар қабылдайды.
Кәсіптік одақтардың республикалық бірлестіктері:
1) бұқаралық ақпарат құралдарында жұмысшы кәсіптері мен мамандықтарын танымал етуді жүзеге асырады;
2) жұмыспен қамтудың мемлекеттік бағдарламаларын әзірлеуге қатысады.
Тараптар бірлесіп:
1) XXI ғасырдың жоғары сапалы және талап етілетін дағдыларымен адами капиталды дамыту ел дамуының жаңа бағытының басым міндетіне айналады;
2) жұмыс күшінің еңбек ұтқырлығын қамтамасыз ету, өнімділігі төмен салаларда, экономиканың бейресми секторында жұмыспен қамтылғандарды және жұмыссыздарды қолдауға бағдарлауды сақтау, еңбек нарығының инфрақұрылымын жетілдіру және жұмыспен қамтудың икемді нысандарын ресімдеу арқылы қолда бар еңбек ресурстары өнімділігінің өсуіне жәрдемдесуге;
3) елде халықты жұмыспен қамтамасыз ету, жаңа жұмыс орындарын құру, сондай-ақ 2023 жылға қарай жұмыссыздық деңгейін 4,9 %-дан аспайтын деңгейде сақтау жөніндегі жұмысты жүргізуге;
4) елде еңбекке қабілетті жастағы мүгедектігі бар адамдардың жалпы санынан жұмыспен қамтылған мүгедектігі бар адамдардың үлесін 2023 жылға қарай 27% қамтамасыз етуге;
5) жұмыс күшіне сұраныс пен ұсынысты болжамдауу, еңбек нарығы туралы хабардар ету жүйесін жетілдіруге;
6) экономика салаларын білікті кадрлармен қамтамасыз етуге;
7) еңбек ресурстарының сапасы мен әлеуетін арттыруға;
8) жұмыспен қамтудың жаңа құрылымын және жоғары оқу орындарының, техникалық және кәсіптік білім берудің білім сапасын жаңғыртуды ескере отырып, кадрлар даярлау бойынша жүйелі шаралар қабылдауға;
9) мынадай:
ұлттық біліктілік жүйесін дамыту;
кәсіптік стандарттарды әзірлеу;
ұлттық біліктілік шеңберін бекіту;
реттелетін кәсіптер тізбесін әзірлеу, қайта қарау және бекіту;
жұмыстар мен жұмысшы кәсіптерінің бірыңғай тарифтік-біліктілік анықтамалығын және басшылар, мамандар мен қызметшілер лауазымдарының бірыңғай біліктілік анықтамалығын жаңғырту;
кадрларды даярлау мен қайта даярлаудың салалық бағдарламаларын әзірлеу;
кадрларды сертификаттау жүйесін қалыптастыру;
кәсіптік бағдарлау жүйесін дамыту;
жұмыстан босатылатын жұмыскерлерді өндірісішілік оқытуды және озыңқы кәсіптік оқытуды дамыту;
кадрлардың кәсіби ұтқырлығы мәселелері бойынша консультациялар өткізуге;
10) экономика салалары бөлінісінде «Жаңа кәсіптер атласын» әзірлеуге, өзектілендіруге және қолдануға қатысуға.
11) «Еңбек жолы» республикалық конкурсын және «WorldSkills» кәсіби шеберлік чемпионатын өткізуге қатысуға уағдаласты.
V бөлім. Лайықты еңбек жағдайлары және еңбекақы төлеу
Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) 2021 жылғы бірінші тоқсанда «Дамушы елдерді ерекше ескере отырып, ең төменгі жалақыны белгілеу туралы» халықаралық еңбек ұйымының
№ 131 конвенциясын ратификациялау мәселелері бойынша консультациялар өткізу жөніндегі, оның ішінде жалақыны жыл сайын индекстеу мәселесі жөніндегі жұмыс жоспарын бекіте отырып, жұмыс тобын құрайды;
2) ең төмен жалақы мөлшерін арттыру, оның ішінде оны жыл сайын индекстеу жолымен арттыру мәселесін қарау жөніндегі Жол картасын бекітеді;
3) мемлекеттік еңбек инспекторларының профилактикалық жұмысқа және еңбек заңнамасының бұзылуының алдын алуға бағытталатын қызметін жетілдіреді;
4) қашықтықтан жұмыс істеуді реттеуді жетілдіру бөлігінде еңбек заңнамасына өзгерістер енгізу мәселесін қарайды;
5) жалпы үрдістерді анықтау және алдын алу шараларын қабылдау мақсатында өндірістік жарақаттануды, кәсіптік ауруды анықтау және талдау жөніндегі жаңа әдістер мен құралдарды енгізуді қамтамасыз етеді;
6) Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында төтенше жағдайлар басталған кезде жұмыс берушілердің (кәсіпорындардың, ұйымдардың) шығыстарын мемлекеттік бюджеттен ішінара субсидиялау (өтеу) мәселесін қарайды;
7) өнеркәсіптік және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесін жетілдіру мәселесін қарайды;
8) қауіпсіз, экологиялық таза қоршаған ортаны құру, табиғи ресурстарды теңгерімді пайдалану жолымен өмір сүру үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз етеді;
9) әйелдердің еңбегін пайдалану шектелетін жұмыстар тізімінің күшін жою мәселесін қарайды;
10) еңбек қауіпсіздігі мен оны қорғау және еңбек қатынастарын реттеу саласындағы ғылыми әзірлемелердің басымдықтарын айқындайды және оларды мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламалар шеңберінде әзірлеуді қамтамасыз етеді;
11) еңбек қызметіне байланысты зиянды еңбек жағдайларында және жазатайым оқиғаларда жұмыс істейтін жұмыскерлердің статистикалық есептілігі мен оларды есепке алу жүйесін жетілдіруді қоса алғанда, еңбек жағдайлары мен еңбекті қорғау жай-күйінің мониторингі жүйесін дамытуды қамтамасыз етеді;
12) жұмыскерлердің мүдделерін қозғайтын мәселелер бойынша ұйымдардың басқару органының отырыстарына жұмыскерлер өкілдерінің қатысуының халықаралық тәжірибесін зерделейді, қажетіне қарай заңнаманы өзгерту жөнінде ұсыныстар дайындайды.
Тиісті қызмет салалары жұмыс берушілерінің республикалық бірлестіктері:
1) жұмыс берушілердің еңбекті қорғауды басқару жүйесін жаппай енгізуіне жәрдемдеседі;
2) жұмыс берушілердің кәсіпорындарда еңбек қауіпсіздігі мен оны қорғау саласындағы қағидаларды, нормалар мен стандарттарды сақтауына және жұмыс берушілердің қажетті ресурстарды (материалдық, кадрлық, техникалық және т. б.) бөлуіне жәрдемдеседі;
3) жұмыс берушілердің әйелдердің, жастардың және мүгедектігі бар адамдардың негізгі құқықтары мен кепілдіктерін іске асыру үшін, оның ішінде келісімдер мен ұжымдық шарттар шеңберінде жағдайлар жасауына ықпал етеді;
4) жұмыс берушілердің жұмыскерлердің өмірі мен денсаулығын сақтау жөніндегі алдын алу шаралары кешенін, оның ішінде:
өндірістік жарақаттанудың алдын алу;
ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстарда істейтін жұмыскерлерді мерзімді медициналық қарап-тексеруден және зерттеп-қараудан өткізу;
кәсіптік тәуекелдерді басқару тетіктерін өндірістік практикаға енгізу шараларын әзірлеуге және іске асыруға қатысады;
5) жұмыс берушілердің жалақыға және міндетті зейнетақы және әлеуметтік аударымдарға арналған қаражатты өзге мақсаттарға пайдалануына жол бермеу жөнінде шаралар қабылдайды;
6) ұқсас және біліктілігі бірдей жұмыстарды орындау кезінде шетелдік және отандық жұмыскерлер арасында еңбекақы төлеу саласында жұмыс беруші тарапынан кемсітушілікке жол бермеуді қамтамасыз етеді.
Кәсіптік одақтардың республикалық бірлестіктері:
1) салалық және өңірлік үшжақты келісімдерде және ұжымдық шарттарда бекітілген талаптарда және тәртіппен Қазақстан Республикасы Еңбек заңнамасының сақталуына қоғамдық бақылау жүргізуді жандандырады;
2) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңестердің жұмысын, оның ішінде еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлардың жұмыс орындарындағы еңбек жағдайлары мен еңбекті қорғауға тексерулер жүргізуі бөлігінде жандандырады;
3) ұжымдық-шарттық қатынастарды, сондай-ақ отандық кәсіпорындарда жасалған электрондық еңбек шарттарын тарату жөніндегі ақпараттық науқандарды жүргізеді;
4) еңбек ұжымдарында өндірістегі жазатайым оқиғалардың, жарақаттар мен аурулардың ауқымы мен салдарын талдамалық баяндамалар дайындау арқылы түсіндіреді.
Тараптар бірлесіп:
1) 2021 жылы Халықаралық еңбек ұйымы ұсынатын Лайықты еңбек тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі жол картасын әзірлеуге;
2) әзірленген ұсыныстарды кейін уәкілетті мемлекеттік органдарға практикалық іске асыру үшін жібере отырып, Республикалық комиссияның, оның жұмыс топтарының, салалық және өңірлік комиссиялардың отырыстарында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау, өндірістік жарақаттану, кәсіптік ауру жай-күйі мәселелерін қарауға;
3) 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын іске асыру бойынша:
әйелдер мен ерлер үшін тең құқықтар мен мүмкіндіктерін;
ана ме баланы қорғауды, әйелдерді әлеуметтік қолдауды, әлеуметтік-еңбек қатынастары саласындағы гендерлік проблемаларды шешуді;
балаларды күтумен және олардың тәрбиесімен айналысатын ерлер мен әйелдерге тең қолдау көрсетуді;
әйелдер мен ерлердің еңбекақысындағы теңдікті;
басқару функцияларын жүзеге асыратын әйелдердің үлесін кеңейтуді қамтамасыз ететін шаралар қабылдауға;
4) мемлекеттік жастар саясатын іске асыру бойынша:
еңбек, білім беру және денсаулық сақтау саласында олардың әлеуметтік құқықтарын қамтамасыз етуге;
өзін-өзі жүзеге асыру үшін жағдай жасауға;
жастардың оң қоғамдық бастамаларын қолдау және ынталандыруға бағытталған шараларды қабылдауға;
5) балалар еңбегінің ең нашар түрлерін тиімді жоюға бағытталған ұлттық саясатты сақтауға және іске асыруға жәрдемдесуге;
6) еңбекті қорғауды басқару жүйесі нәтижелілігінің төменде көрсетілген:
өндірістік жарақаттану деңгейін (1000 адамға шаққанда жазатайым оқиғалардың жиілік коэффициенті) 2023 жылға қарай 0,26-ға дейін азайту;
ұжымдық-шарттық қатынастар жүйесімен қамтылған кәсіпорындардың үлес салмағын (ірі және орта кәсіпорындар арасында) 2023 жылға қарай
94,2%-ға дейін ұлғайту;
зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін жұмыскерлердің үлес салмағын 2023 жылға қарай 20%-ға дейін қысқарту көрсеткіштеріне қол жеткізу жөніндегі шараларды іске асыруға қатысуға;
7) республика кәсіпорындарын «VizionZero» халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығының бағдарламасына қосу жөніндегі ақпараттық науқанды жалғастыруға;
8) жұмыс беруші экономикалық дәрменсіз (банкрот) болған жағдайда жұмыскерлердің ақшалай өтемақы алуға құқықтарын қорғау жөнінде шаралар әзірлеу және қабылдау үшін консультациялар өткізуге;
9) кәсіпорындарда еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңестер құруға, сондай-ақ олардың тиімді жұмыс істеуіне жәрдемдесуге;
10) республиканың кәсіпорындарында:
қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету бойынша тапсырыс берушіден мердігерге дейін сатылы бақылауды;
еңбекті қорғау мен қауіпсіздігінің қазіргі заманғы стандарттарын енгізу жөніндегі жұмысты жүргізуге;
11) еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторларға келісімдерде, ұжымдық шарттарда немесе жұмыс берушінің актілерінде айқындалатын мөлшерде, бірақ жалақының ең төмен мөлшерінен кем емес ай сайынғы қосымша ақыны жүзеге асыру мәселесі бойынша консультациялар өткізуге, сондай-ақ жұмыс берушінің және (немесе) кәсіптік одақтардың қаражаты есебінен мамандандырылған білім беру ұйымдарында олардың жыл сайынғы оқуын өткізуге уағдаласты.
VI бөлім. Әлеуметтік саясат
Тараптар әлеуметтік саясатты дамыту жөніндегі міндеттемелерді қабылдады, олар мынаған бағытталған:
1) 2021 жылы еңбекке уақытша қабілетсіздік бойынша әлеуметтік жәрдемақының шекті мәнін ұлғайту мәселесін қарау, қажетіне қарай қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізу жөнінде ұсыныс дайындау;
2) Халықаралық еңбек ұйымының ұсынымдарына сәйкес, оның ішінде табысы аз азаматтардың әлеуметтік қорғалу деңгейін арттыруды көздейтін ең төмен мемлекеттік әлеуметтік стандарттарды және әлеуметтік қамсыздандыру нормаларын кезең-кезеңімен арттыру жөнінде шаралар қабылдау;
3) азаматтарға міндетті әлеуметтік сақтандыру бойынша сақтандыру төлемдерінің кепілдік берілген түрлерін қамтамасыз ету;
4) экономиканың өсуін және бюджеттік мүмкіндіктерді ескере отырып, ең төмен әлеуметтік стандарттарды халықаралық баламаларға кезең-кезеңімен жақындату жөнінде шаралар қабылдау;
5) әлеуметтік төлемдерді цифрландыру шеңберінде азаматтың «Әлеуметтік әмияны» цифрлық платформасын енгізу;
6) «Қызметкер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру мәселелері бойынша жұмыс тобын құру туралы» Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2020 жылғы 24 қарашадағы № 461 бұйрығымен бекітілген жұмыс тобы шеңберінде 2021 жылы жұмыскерлердің өмір сүру сапасын жақсарту үшін мынадай:
- ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстарда істейтін жұмыскерлердің зейнеткерлікке ерте шығуы туралы;
- ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстарда істейтін жұмыс орнында денсаулығы кенеттен нашарлаған кезде жұмыскерлерді әлеуметтік қорғау туралы;
- кәсіпорындағы еңбек өтіліне байланысты жұмыс берушінің жұмыскердің уақытша еңбекке жарамсыздығына әкеп соққан алып келген денсаулығына келтірілген зиянды өтеуі кезінде сараланған тәсілді қолдану туралы;
- жұмыс берушінің жұмыскерге (оның заңды өкіліне) өндірістегі жазатайым оқиға немесе кәсіптік ауру нәтижесінде келтірілген зиянның бір жолғы өтемін төлеуі туралы;
- жұмыскердің денсаулығына келтірілген зиянды өтеу жөніндегі төлемдердің мөлшерін (регрестік төлемдер) тиісті біліктілігі (лауазымы) бойынша кәсіпорындағы (ұйымдағы) орташа жалақының өсуіне бара-бара арттыру туралы мәселелерді қарау;
7) әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесу;
8) Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін кеңейту және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз» конкурсын ұйымдастыруға жәрдемдесу;
9) Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің жобасын әзірлеуге белсенді қатысу;
10) мүгедектігі бар жұмыскерлердің өмір сүру сапасын жақсарту, әлеуметтік қолдауды күшейту, сондай-ақ олардың қоғамға кірігуі үшін тең жағдайлар жасау жөнінде шаралар қабылдау;
11) ерікті зейнетақы, медициналық, әлеуметтік сақтандыру жүйелерін дамыту;
12) республикалық комиссияның отырыстарында әлеуметтік саясат моделін жаңғырту мәселелерін қарау.
VII бөлім. Келісімді іске асыру және оның орындалуын бақылау
1) Келісімге қол қойылған күннен бастап бір ай мерзімде Келісімді іске асыру және оны одан әрі қарау мен республикалық комиссияның отырысында бекіту жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеу;
2) Келісімде жазылған уағдаластықтарды іске асыруға бағытталған нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу жөнінде шаралар қабылдау;
3) мынадай халықаралық конвенцияларды ратификациялау мәселелері бойынша консультациялар өткізу:
№ 47 «Жұмыс уақытын аптасына қырық сағатқа дейін қысқарту туралы»;
№ 97 «Еңбекші-мигранттар туралы»;
№ 102 «Әлеуметтік қамсыздандырудың ең төменгі нормалары туралы»;
№ 117 «Әлеуметтік саясаттың негізгі мақсаттары мен нормалары туралы»;
№ 118 «Ел азаматтарының, шетелдіктердің және азаматтығы жоқ адамдардың әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы тең құқылығы туралы»;
№ 132 «Ақылы демалыс туралы»;
№ 143 «Көші-қон саласындағы теріс пайдаланушылықтар туралы және Көшіп-қонушы жұмыскерлерге мүмкіндіктер мен айналымдардың теңдігін қамтамасыз ету туралы»;
№ 154 «Ұжымдық келіссөздерге жәрдемдесу туралы»;
№ 157 «Әлеуметтік қамсыздандыру саласында құқықтарды сақтаудың халықаралық жүйесін белгілеу туралы»;
№ 158 «Жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек қатынастарын тоқтату туралы»;
№ 159 «Мүмкіндігі шектеулі адамдарды кәсіптік оңалту және жұмыспен қамту туралы»;
№ 160 «Еңбек статистикасы туралы»;
№ 161 «Еңбек гигиенасы қызметтері туралы»;
№ 168 «Жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және жұмыссыздықтан қорғау туралы»;
№ 173 «Кәсіпкер төлемге қабілетсіз болған жағдайда еңбекшілердің талаптарын қорғау туралы»;
№ 175 «Толық емес жұмыс уақыты жағдайындағы жұмыс туралы»;
№ 184 «Ауыл шаруашылығындағы еңбек қауіпсіздігі және гигиенасы туралы»;
№189 «Үй қызметкерлерінің лайықты еңбегі туралы»;
№ 190 «Еңбек саласындағы зорлық-зомбылық пен қудалауды жою туралы».
4) Тараптардың әрқайсысы Келісімге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізуге бастамашылық жасауға құқылы, олар барлық тараптардың өзара келісімі бойынша қабылданады, Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын хаттамамен ресімделеді және оларға қол қойылған күннен бастап күшіне енеді.
Келісімге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу туралы хаттамаға қол қойылғаннан кейін ол ресми жариялануға тиіс. Келісімді іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары оларға қол қойылған күннен бастап бір ай мерзімде енгізілген өзгерістерге және (немесе) толықтыруларға сәйкес келтіріледі;
5) Келісімді іске асыруға қатысты мәселелер жөніндегі республикалық комиссияның шешімдері осы Келісімді іске асыру нысандарының бірі болып табылады;
6) Келісімді іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарының орындалуын мониторингтеу негізінде Республикалық комиссия туралы ережеде айқындалған тәртіппен Келісімнің орындалуын бақылауды жүзеге асыру;
7) салалық және өңірлік (облыстық, қалалық, аудандық) келісімдер осы Келісіммен салыстырғанда жұмыскерлердің жағдайын нашарлатпауға тиіс;
8) Тараптардың әрқайсысы салалық және өңірлік деңгейлерде келісімдерді әзірлеуге және қабылдауға қатысатын байқаушылар тобына енгізу үшін өз өкілдерін айқындайды және бұл туралы қалған тараптарды хабардар етеді;
9) Халықаралық еңбек ұйымы ұсынған тәсілдер мен индикаторларға сәйкес лайықты еңбектің мақсаттары мен қағидаттарын ілгерілету:
16-58 жас аралығындағы халықтың жұмыспен қамтылу деңгейі (әйелдер), 16-63 жаста (ерелер), %;
16-58 жас аралығындағы халықтың жұмыссыздық деңгейі (әйелдер),
16-63 жаста (ерлер), %;
NEET жастарының үлесі (15-28 жас), %;
жалпы жұмыспен қамтудағы бейресми сектордың үлесі, %;
жалақы деңгейі төмен жұмыспен қамтылғандардың үлесі (сағаттық жалақының үштен екі медианасынан төмен), %;
жұмыс сағаттарының шамадан тыс ұзақтығымен жұмыспен қамтылғандардың үлесі (аптасына 48 сағаттан астам), %;
балалар еңбегі (15-17 жас аралығындағы топта жұмыспен қамтылғандар үлесі), %;
15-17 жастағы (18 жасқа толмаған) адамдар арасындағы қауіпті жағдайларда жұмыс істейтін балалардың үлесі, %;
жынысы бойынша қызмет (кәсіп) түрлеріндегі сегрегация;
жалақыдағы гендерлік алшақтық, %;
өліммен аяқталған өндірістік жарақаттану деңгейі
(100 000 жұмыс істейтін адамға), адам;
өлімге әкелмейтін өндірістік жарақаттану деңгейі
(100 000 жұмыс істейтін адамға), адам;
өндірістік жарақаттану нәтижесінде жоғалған уақыт;
зейнетақы алатын халықтың үлесі (еңбек зейнетақысы), %;
үй шаруашылықтарының жеке қаражаты есебінен емес қаржыландырылатын денсаулық сақтауға арналған шығыстар, %;
мектепке бармайтын балалар (жас тобынан% );
еңбек өнімділігінің индексі;
табыстарды бөлудегі теңсіздік;
тұтыну бағаларының индексі;
Экономикалық қызмет салалары бойынша жұмыспен қамту;
ЖІӨ-дегі еңбекақы үлесі, %.
Осы Бас келісімге мыналар қол қойды:
Қазақстан Республикасы Үкіметі атынан:
|
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Е. Л. Тоғжанов |
___________________ |
|
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі С. Ж. Шәпкенов |
___________________ |
Кәсіптік одақтардың республикалық бірлестіктері атынан:
|
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы С. Т. Дәулеталин |
___________________ |
|
Қазақстан Еңбек конфедерациясының Бас хатшысы М. Р. Машкенов |
___________________ |
|
«Аманат» ҚКЫ» РКБ төрағасы А. И. Пригорь |
___________________ |
Жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктерінің атынан:
|
Қазақстан Республикасы Жұмыс берушiлер (кәсіпкерлер) Ұлттық Конфедерациясының президенті Қ. Қ. Байкенов |
___________________ |
|
Тау-кен өндіруші және тау-кен Н. В. Радостовец |
___________________ |
|
«KAZENERGY» Қазақстан мұнай-газ және энергетика кешені ұйымдары қауымдастығының Б. О. Ақшолақов |
___________________ |