Түркістан облысы әкімі аппаратының заң бөлімі туралы

Түркістан облысы әкімі аппараты басшысының міндетін атқарушының

2023 жылғы «09» қарашадағы  

№ 50-н/қ  бұйрығына

10-қосымша

 

                    Түркістан облысы әкімі аппаратының заң бөлімі туралы

ЕРЕЖЕ

 

                                                Жалпы ережелер

 

  1. Түркістан облысы әкімі аппаратының заң бөлімі (бұдан әрі - Бөлім) Түркістан облысы аппаратының құрылымдық бөлімшесі болып табылды.
  2. Бөлім өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, заңдарын, Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметінің актілерін, өзге де нормативтік құқықтық актілерді, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.
  3. Бөлімнің құрылымын және штат санын Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен штат санының лимиті шегінде Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы бекітеді.

 

Бөлімнің мақсаттары, құқықтары мен міндеттері

 

  1. Мақсаттары:

1) мемлекеттiк органдардың қызметiнде заңдылықтың сақталуын қамтамасыз ету;

2) мемлекеттiк оpгандардың заңнаманы қолдану практикасын қорыту;

3) Қазақстан Республикасының заңнамасын насихаттау және түсiндiру, мемлекеттiк органда жалпыға бiрдей құқықтық оқытуды ұйымдастыру;

4) құқықтық және нормативтік құқықтық актілердің, шарттардың,
іс жүргізу құжаттарының, сондай-ақ өзге де құқықтық сипаттағы құжаттардың жобаларын әзірлеуге қатысу.

  1. Құқықтары:

1) өз мiндеттерiн орындау үшiн қажеттi құжаттарды және мәлiметтердi мемлекеттiк органның құрылымдық бөлiмшелерiнен сұратуға;

2) мемлекеттiк орган басшысының немесе орталық атқарушы органның аппарат басшысының келiсiмiмен Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық актілерiнiң жобаларын және мемлекеттiк органның құқықтық мәселелер жөнiндегi құжаттарын әзiрлеу үшiн, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасын насихаттау жөнiндегi iс-шаралар мен мемлекеттiк органда жалпыға бiрдей құқықтық оқытуды iске асыру үшiн басқа құрылымдық бөлiмшелердiң қызметкерлерiн тартуға құқылы;

3) қолданыстағы заңнамада көзделген өзге де құқытары мен міндеттерді жүзеге асырады.

 

 

  1. Функциялары:

1) сотта, сондай-ақ басқа да ұйымдарда мемлекеттiк орган қызметiнiң құқықтық мәселелерiн қарау кезiнде белгiленген тәртiппен мемлекеттiк органның мүдделерiн бiлдiредi;

2) Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын тәртiппен мемлекеттiк органда Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актілерiне мониторинг жүргiзудi тұрақты негiзде үйлестiредi;

3) мемлекеттік орган әзірлейтін құқықтық және нормативтік құқықтық актілердің, шарттардың, іс жүргізу құжаттарының, сондай-ақ өзге де құқықтық сипаттағы құжаттардың жобаларын әзірлеуге, оның ішінде оларды мемлекеттік органның басқа да құрылымдық бөлімшелері әзірлеген жағдайда келісу жолымен әзірлеуге қатысады;

4) нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлейді
және мемлекеттік органның бірінші басшысының тапсырмасы бойынша құқықтық сипаттағы өзге құжаттарды дайындайды;

5) мемлекеттiк органда Қазақстан Республикасының заңнамасын насихаттау, жалпыға бiрдей құқықтық оқытуды ұйымдастыру жөнiндегi
жыл сайынғы iс-шараларды әзiрлейдi және iске асырады;

6) заңнамалық актілерде көзделген жағдайда мемлекеттiк органның құзыретiне жататын құқықтық мәселелер бойынша мемлекеттiк органның атынан түсiнiктеме дайындайды;

7) мемлекеттiк органға келiп түсетiн Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актілерiнiң жүйелендiрiлген есебiн және олардың сақталуын ұйымдастырады;

8) мемлекеттік органның норма шығармашылық қызметін, нормативтік құқықтық актілер жобаларының, сондай-ақ «Құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабы 2-тармағының 6), 7), 8), 9) тармақшаларында көзделген, әділет органдарында мемлекеттік тіркелуге тиіс нормативтік құқықтық актілердің заң сараптамасының нәтижелері бойынша Әділет министрлігінің ескертулерін тұрақты негізде талдайды және талдау нәтижелері бойынша мемлекеттік органның бірінші басшысына, сондай-ақ мемлекеттік органның аппарат басшысына оны жетілдіру және анықталған кемшіліктерді жою жөнінде ұсыныстар енгізеді және жылына екі рет жартыжылдықтан кейінгі айдың 10-күніне дейін Әділет министрлігіне жүргізілген талдау және қабылданған шаралар туралы ақпарат жібереді;

9) шарттардың заңнама талаптарына сәйкестігін, шарттар бойынша міндеттемелер орындалмаған және тиісінше орындалмаған кезде экономикалық ықпал ету шараларының қолданылуын қамтамасыз етеді;

10) тиісті сот талқылауына әкеп соқтырған негізгі себептер мен жағдайларды анықтау мақсатында Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы қатысатын даулар бойынша талап арыз жұмысының, сот практикасының жай-күйін жартыжылдықта кемінде бір рет талдайды және мемлекеттік органның бірінші басшысына немесе мемлекеттік органның аппарат басшысына оларды жою және кінәлі лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тарту жөнінде ұсыныстар енгізеді;

11) заңнамада көзделген негіздер болған жағдайда «Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдарының заң қызметтерi туралы үлгi ереженi бекiту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 9 қарашадағы № 1072 қаулысымен бекітілген, мемлекеттік органның пайдасы көзделмей қабылданған сот актісіне барлық сатыдағы соттарға шағымдану жөніндегі шараларды уақтылы қабылдайды, сондай-ақ заңнамада белгіленген тәртіппен прокуратура органдарына қадағалау тәртібінде наразылық білдіру туралы өтінішхаттармен жүгінеді;

12) заңды күшіне енген сот актілерін орындау жөніндегі шараларды қабылдауды қамтамасыз етеді.

 

Бөлім қызметін ұйымдастыру

 

  1. Бөлім Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне, Президентінің актілеріне және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес өз міндеттерін іске асыру үшін қажетті құқықтары мен міндеттері болады.
  2. 8. Бөлімді Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен лауазымға тағайындалатын және лауазымнан босатылатын басшы басқарады.
  3. Бөлімнің басшысы бөлімнің қызметін жалпы басқаруды жүзеге асырады, оған жүктелген міндеттердің орындалуына және өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына дербес жауапты болады.
  4. Бөлім басшысы мемлекеттік органның басшылығына құрылымдық бөлімшенің құрылымы мен штат саны жөнінде ұсыныстар береді.
  5. Бөлімнің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша мемлекеттік органның құрылымдық бөлімшесінің атынан басқа құрылымдық бөлімшелерге жіберілетін құжаттарға құрылымдық бөлімшенің басшысы, ал ол болмаған жағдайда – оны алмастыратын адам қол қояды;
  6. Мемлекеттiк органның өзiн қайта ұйымдастыру немесе тарату жағдайларын қоспағанда, заң қызметтерiн таратуға жол берiлмейдi.
Дата публикации
08 мая 2026