
Шымкент қаласында балалар үйінің тәрбиеленушілері Қазақстан Республикасының азаматтығын растайтын құжаттарды жеңілдікпен рәсімдеу құқығынан заңсыз айырылды. Олардың жеке куәлік пен паспорт алу өтініштері қабылданбай, мемлекет тарапынан қарастырылған жеңілдіктер ескерілмеген. Бұл мәселе бойынша ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Шымкент қаласы бойынша өкілі Н. Абдезовке «Өмірлік қиын жағдайда жүрген балаларды қолдау орталығы» КММ басшысы шағым түсірді.
Шағымды қарастыру барысында көші-қон қызметі қызметкерінің құжаттарды қабылдаудан бас тартуына деректер қорында балалардың жеңілдік санатына жататындығы туралы ақпараттың жоқтығы себеп болғаны анықталды. Осыған байланысты кейбір тәрбиеленушілердің құжаттары жалпы негізде, мемлекеттік баж салығын төлеу арқылы ғана қабылданған.
Мәселені тереңірек зерттеу барысында бұл жағдай бір ғана оқиға емес, жүйелі проблема екені белгілі болды. Ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар туралы электрондық деректер базасының болмауы олардың заңды құқықтарын шектеуге әкеліп соққан. Оған қоса, заңнамада мұндай жағдайда құжаттарды қағаз түрінде, жеке жазылған өтініш негізінде қабылдауға мүмкіндік бар екені көрсетілгенімен, көші-қон қызметі бұл талапты орындамаған.
ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл өкілінің араласуымен және Әділет департаменті мен Полиция департаментінің көші-қон қызметі басшылығының бірлескен әрекеттері нәтижесінде мәселе жедел шешілді. Барлық тәрбиеленушінің құжаттары жеңілдік негізінде қабылданды, ал балалар үйінің әкімшілігіне мұндай заң бұзушылықтардың қайталанбайтыны туралы ресми кепілдік берілді.
Қызметтік міндеттерін дұрыс атқармаған лауазымды тұлғаларға қатысты Шымкент қаласы полиция департаментіне тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы ұсыным енгізілді.
Бұл проблеманы түбегейлі шешу үшін құқық қорғау институты ҚР Ішкі істер министрлігі мен Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің ақпараттық дерекқорларын шұғыл түрде интеграциялау қажеттігі туралы ұсыным әзірледі.