
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов Үкімет отырысында қазақстандықтардың қайсысы зейнетақы жинақтарының бір бөлігін 2021 жылы тұрғын үй сатып алу, емделу немесе білім алу үшін пайдалана алатыны туралы айтты.
"Мемлекет басшысы жыл соңына дейін барлық қажетті нормативтік-құқықтық актілерді қабылдауды және Зейнетақы жинақтарын пайдалану бөлігінде дайындық жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Бүгінде тұжырымдамалық мақұлданған шешім бар", - деді Нұрымбетов.
Оның айтуынша, зейнетақы қаражатының бір бөлігін 721 мың қазақстандық пайдалана алады. Ақшалай көріністе бұл шамамен 1,4 триллион теңгені құрайды.
"Олардың ішінде "жеткіліктілік шегінен" асатын зейнетақы жинақтары бар 530 мыңға жуық жұмыс істейтін азаматтар, зейнетақы жинақтары бар 178 мыңнан астам зейнеткер, сондай – ақ сақтандыру компаниясымен зейнетақы аннуитеті шартын жасасқан 13 мың адам бар", - деп толықтырды министр.
Бұған дейін Біржан Нұрымбетов осы бастама аясында "жеткіліктілік шегі" параметрлері туралы айтқан болатын.
Мысалы, 40 жастағы салымшы үшін (орташа еңбек өтілі 18-20 жыл) жинақтың ең төменгі "шегі" ерлер үшін 6,9 млн теңгені және әйелдер үшін 9,8 млн теңгені құрайды. 63 жастағы салымшы, яғни зейнет жасына жеткен адам үшін бұл шек ерлер үшін 8,2 млн теңгені және әйелдер үшін 10,1 млн теңгені құрады.
Сондай-ақ, министр аталған критерийлер қайта қаралуы мүмкін екенін атап өтті.
Естеріңізге сала кетейік, 1 қыркүйекте Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында халыққа Жолдауында 700 мыңнан астам қазақстандық 2021 жылдан бастап зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалана алатынын айтқан болатын.