Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институты балаларды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге жәрдемдесті

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институты балаларды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге жәрдемдесті

Балалары сирек кездесетін және фармакорезистенттік эпилепсиямен ауыратын ата-аналар ұзақ уақыт бойы Омбудсменге шағымдануда. Олардың айтуынша, тегін берілуі тиіс «Фризиум» («Клобазам») препараты елімізде тапшы. Дәрінің қымбат болуына байланысты ата-аналар оны өз қаражатына сатып алуға мәжбүр, бұл олардың қаржылық жағдайына ауыртпалық түсіріп, өзге маңызды шығындарды қысқартуға алып келген.

Жергілікті денсаулық сақтау органдары препараттың жоқтығын алға тартып, оның орнына балама емдеу әдістерін ұсынғанымен, ата-аналар олардың тиімділігіне күмән келтірген. Ал бірыңғай дистрибьютор – «СК-Фармация» дәрінің елімізде тіркелмеуі және бекітілген бағасының болмауы салдарынан оны сатып алу мүмкін еместігін мәлімдеді. Алайда бұл ұстаным «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекске қайшы келеді, себебі онда әрбір баланың дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілу құқығы нақты көрсетілген.

Осы мәселені шешу мақсатында Омбудсмен Артур Ластаев ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне ресми түрде жүгінді. Нәтижесінде, 2024 жылдың соңында министрлік қажетті дәрі-дәрмекті сатып алып, оны өңірлерге жеткізуді қамтамасыз етті.

Денсаулық сақтау құқығы – әр адамның негізгі құқығы және мемлекеттің басты міндеттерінің бірі. Халықаралық міндеттемелерге, соның ішінде Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы халықаралық Пактке сәйкес, мемлекет әр азаматтың мүмкіндігінше ең жоғары деңгейде физикалық және психикалық денсаулығын сақтау құқығын мойындайды. Бұл, өз кезегінде, кез келген адамның сырқаттанған жағдайда медициналық көмек пен күтімге толық қол жеткізуін қамтамасыз етуді талап етеді.