Швейцариялық Geneva Times басылымында Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаевтың «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жөніндегі арнайы баяндамасы» атты мақаласы жарияланды.
Уәкіл өз баяндамасында тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғау әлеуметтік бағдарланған мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі екенін атап өткен. Бұл құбылыс адам құқығын бұзып қана қоймай, отбасы институтының нығаюына кедергі келтіріп, қоғамдық құндылықтарды жояды.
Еске салайық, ағымдағы жылғы 15 сәуірде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтарын және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойған болатын. Заң қылмыстық жауаптылықты күшейтуді және отбасылық-тұрмыстық саладағы әкімшілік құқық бұзушылықтарды қылмыстық жауапкершілікке тартуды көздейді.
Артур Ластаев өз мақаласында әйелдер құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін заңның қабылдануына ықпал ету бойынша Уәкіл кеңсесінің атқарған жұмыстары туралы айтып берді:
Омбудсменнің Geneva Times басылымына шыққан мақаласында «2023 жылы біз тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткіздік. Шара нәтижесінде заңнамалық түзетулер пакеті жасақталып, Парламентке жолданды. Атап айтқанда, денсаулыққа және денеге жеңіл зиян келтіруді қылмыстық жауаптылыққа тарту және барлық уәкілетті органдарда тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы арыздардың деректер базасын құру ұсынылды. Түзетулердің басым бөлігі Мемлекет басшысы қол қойған әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы заңға енгізілген», - деп атап өткен.
Омбудсмен «Тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес туралы» тақырыбында арнайы баяндама дайындап, халыққа ұсынғанын айтты. Бұл баяндама тұрмыстық зорлық-зомбылық саласындағы қылмыстардың ауқымы мен сипатын, қабылданған шаралардың тиімділігін және жәбірленушілерді қорғау тетіктерін талдаудың, анықтаудың және бағалаудың қосымша құралы болып табылады.