Омбудсмен және халықаралық қоғамдық ұйымдардың өкілдері адам құқықтарын қорғауға қатысты мәселелерді талқылады

Омбудсмен және халықаралық қоғамдық ұйымдардың өкілдері адам құқықтарын қорғауға қатысты мәселелерді талқылады

Ағымдағы жылдың 8 сәуірінде Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев пен БҰҰ-ның Азаптаулар мен басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлерінің алдын алу жөніндегі кіші комитетінің мүшесі, Азаптаулар мен адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын әрекеттер мен жазалаудың алдын алу жөніндегі Еуропалық комитеттің мүшесі Виктор Захария кездесті.
Уәкіл Қазақстанда соңғы жылдары адам құқықтарын қорғау саласындағы негізгі реформаларға тоқталды:
- 2023 жылдың қаңтарынан бастап азаптау істері прокуратураның айрықша құзыретіне берілді;
- азаптау үшін бас бостандығынан айыру мерзімі 12 жылға дейін ұлғайтылды;
- қатыгездік үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді.
Сонымен қатар дәрігерлерге азаптаулардың алғашқы белгілерін тіркеу үшін электронды клиникалық хаттама енгізілді, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріндегі «көрінбейтін бұрыштарды» 100% жабу шаралары қабылданды, олардың барлығы сотталғандардың шағымдарын беруге арналған электронды терминалдармен жабдықталған.
Уәкіл, сондай-ақ Қазақстанда ҰАТ өкілеттігі берілген 3 764 ұйым мен мекеме бар екенін атап өтті. 2023 жылы ҰАТ қатысушылары 461 профилактикалық сапар жүргізіп, нәтижесінде уәкілетті органдарға 3 мыңнан астам ұсыным жіберді. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл мен оның өкілдеріне өткен жылда 5,8 мың шағым түскен, бұл соңғы 2 жылмен салыстырғанда 3 есеге көп.
Кездесу барысында адам құқықтары, оның ішінде БҰҰ-ның азаптауларға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазаларға қарсы конвенцияда көзделген міндеттемелерді орындау мәселелері талқыланды.
В. Захария азаптаумен күрес саласындағы практикалық тәжірибесімен бөлісті.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар азаптауларға қарсы іс-қимыл мен бейбіт жиындарды өткізу мәселелері бойынша тәжірибелі шенеуніктердің семинарлар мен тренингтерді ұйымдастыруына техникалық қолдау көрсетуге дайын екендіктерін білдірді. Тараптар мазмұнды да ашық диалог үшін ризашылықтарын білдіріп, екіжақты ынтымақтастықты нығайту бағытында шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті.