Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысына қатысты. Уәкіл өз сөзінде ұлттық құқық қорғау институтының жұмысына және адам құқықтарын қорғау саласындағы негізгі жетістіктерге тоқталды.
Артур Ластаев елімізде тұрақты құқықтық мәдениетті қалыптастыру Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің басты міндеттерінің бірі деп, құқық қорғау жүйесі жұмысындағы ең маңызды серіктес – қоғам екенін де баса жеткізді.
«Өткен жылы Мемлекет басшысы адам құқықтарын қорғау жүйесінің өкілдерімен кездесуінде құқықтық мемлекет құрудағы азаматтық қоғамның рөлінің ерекше екенін атап өтті. Мемлекет басшысының Жарлығымен бекітілген арнайы іс-шаралар жоспары – саламыздың дамуы жолындағы тағы бір маңызды қадам. Онда ерлер мен әйелдердің тең құқықтарын, балалардың, мүгедектердің, мигранттардың құқықтарын сақтау, азаптау мен адам саудасының алдын алу және басқа да нақты шаралар қарастырылған», - деді Уәкіл.
Адам құқықтары жөніндегі уәкіл аппараты мен оның жергілікті өкілдері ешбір өтінішті назардан тыс қалдырмай, азаматтардың заңды құқықтарын қорғауға бар күш-жігерін салуда. Үйлестірілген жұмыстың арқасында құқықтық қорғау туралы Уәкілге түскен өтініштер саны 2021 жылмен (1855) салыстырғанда 2023 жылы 3 есеге (5773) өсті. Оның тең жартысына қатысты түсініктеме беріліп, қалғандары бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп, оң шешім қабылданды. Өтініштердің едәуір бөлігі мемлекеттік органдардың қызметі мен сот шешімдеріне бағытталған.
Ол сондай-ақ елде адам құқықтары мен бостандықтарын сақтауды көрсететін елеулі қадамдар жасалып жатқанына қатысушылардың назарын аударды. Осылайша, түрмедегі жазасын өтеушілерді медициналық қамтамасыз ету функциясы азаматтық секторға берілді, ал дәрігерлер сотталғандарға қатысты зорлық-зомбылық әрекеттері туралы аздаған күдік туындаған кезде, алғашқы дәлелдемелерді тіркейді.
Азаптау фактілері бойынша тергеу ісі прокуратураға беріліп, оларға қатысты жаза қатаңдатылды. Атап айтқанда, шартты түрде жазаны немесе рақымшылықты қолдануға, сондай-ақ ескіру мерзімінің өтуіне немесе тараптардың татуласуына байланысты қылмыстық қудалауды тоқтатуға тыйым салынады.
Бас бостандығынан айыру орындарындағы азаптаулардың алдын алудағы маңызды қадам ақпараттық кедергіні еңсеру болды. Елімізде алғаш рет 243 электронды терминал орнатылды, сол арқылы сотталғандар тікелей құқық қорғау органдарына мәлімдеме жасауға құқылы.
Бұл ретте Уәкіл өкілдері мен Ұлттық алдын алу тетігінің (ҰАТ) қатысушылары азаптаулар мен қатыгездіктің алдын алу мақсатында қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріне – кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталықтарына, колонияларға, тергеу және уақытша ұстау изоляторларына, психиатриялық және туберкулезге қарсы диспансерлерге бара алады.
Өткен жылы ҰАТ қатысушылары 461 профилактикалық тексеріс жүргізіп, нәтижесінде бұзушылықтарды жою бойынша 3000-нан астам ұсынымдар берді, 155 қызметкер тәртіптік немесе әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар, Парламентке күштеп неке қию мақсатында қыздарды аңдығаны және алып қашқаны үшін жауапкершілікті белгілеу бойынша түзетулер жіберілді, әйелдердің, балалардың және тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарының құқықтарын одан әрі ілгерілету негізінде ұсыныстар пакеті әзірленіп, бүгінде депутаттардың қарауында.
Тағы бір маңызды мәселе – қазақстандықтардың құқықтық білімін арттыру. Тек өткен жылдың өзінде 16,5 мыңнан астам адам құқықтық ағартумен қамтылды. Сонымен қатар, қазақстандықтарға ыңғайлы болу үшін Уәкіл мекемесі азаматтарды тұрақты, кестесіз қабылдауды жүзеге асырады.
Сөзінің соңында Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев «адам құқықтарын қорғауда күш мен ресурстарды біріктіру нәтижеге тезірек қол жеткізуге мүмкіндік береді» деп сенім білдірді.